Төлеубай Үркімбаев 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Калинин атындағы кеңшарда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде өлеңдері майдандық газеттерде жарияланып тұрды. Аудандық, облыстық ақындар айтысына белсене қатысқан. «Қазақстанның XV жылдығы» белгісімен (1935), «Құрмет Белгісі» орденімен (1945) және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған (1945). Туған ауылы мен Жалағаш аудандық орталығында көшеге Т.Үркімбаев есімі берілген. Төлеубай Үркімбаев 1955 жылы бақилық болды.
Толғансам, шымыр етер жас жүрегім,
Қылқалам, бұ жүректің басшы лебін.
Айнала таскерең боп қалған кезде,
Өлеңмен сезем өмір ащы демін.
Мен бүгін өлең жаздым жерлесіме,
Тілім мен жүрегіме бер несібе.
Атамызды еске алып жатқан кезде,
Бұл тілге көсеу болам мен несіне?!
Таза тіл, асыл сөздің қыранысың,
Қара өлеңнен таймайтын қырағысың.
Тағдыр салған тәлкекке сынбай төзген,
Сен, ата, қара өлеңнің сыңарысың.
Жиырма жаста таңылған тар төсекке,
Сол тар төсек қылмады оны бос өкпе.
Жас жүрегі тұрған еді алқынып,
Қолы шолақ, естімейді десек те…
Жырға қосты әділдікті, шындықты,
Ажыратпай кім әлсізді, кім мықты.
Соғыс жайын баяндады бүкпесіз,
Жас буындар оқыды да, білді, ұқты.
Жаралымын деп үйінде жата алман,
Жырға қосты, колхоз жайын, қаһарман.
Қасқырбаев, Байназаров ақынмен,
Тайталасып, «төбе ақыны» атанған.
Айтыста да қарсыласын «сіз» деген,
Ұлық болып, сыйластығын үзбеген.
Төлеубайдың қолдау болды өлеңі,
Соғыс жақта жүрген жанға жүздеген.
Жер-жаһанға аты шыққан мұнарам,
«Тарлан» деген теңеуіңнен құламан.
«Шындықты өрген өлеңменен» кітабың,
Алдында тұр дүйім жұрттың сұраған.
43-тің суық күзі, дара күн,
Төкең үйі қуанышқа толатын.
Ұл туылып Қуанышбай есімді,
Сері Нартай есім қойған болатын.
Жоқшылықтың талай тартып зардабын,
Көмек сұрап билік жаққа бармадың.
Өкінішті елу жеті жасыңда,
Үш бөлмелі тоқал тамда солғаның.
Динара ФАЗЫЛ,
Жалағаш ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!