2013 жыл менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді десем, әсіре айтқаным емес. Бозбаланы демде есейтіп жіберген де жылан жылғы жылымық. Ой-танымым, көзқарас- қағидаларымды да өзгерткен сол жыл. Себебі, дәл сол уақытта мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға қабылданып едім. Балалықтың лебі сейілмеген лепірме кеуіл топ етіп топқа түскенде ғана есін жиғандай…

Университетте «арқасын» да, маркасын да арзандатпаған бір кафедра болса, ол біздің кафедра шығар. Бөлек әлем дерсіз. Өз тәртібі, өз заңдары бар. Табалдырығынан төріне дейінгі жол бағалы һәм бағамды. Дайындықсыз ешкім есігін аша алмайды. Ол жақтың өз таулары, өз төбелері, өз төмпешіктері бар. Оның етегінде жүрудің өзі бір бақыт. Мен сол бақытқа ие болған студентпін.

Елпетпе, селтетпе дегендерден ада, жүрісінен ешқашан жаңылмайтын сол жаққа өзге түгіл өзін танып үлгермеген мені әуелі қызықтырған, кейін, жылы тартқан жандар қатары қазір сиреді, арамыздан ұзап кеткендер бар. Айтуға ауыз бармайды, жазуға қалам жүрмейді… Әттең…

Сұмдық дәрістер тыңдайтын едік. «Бір 45» жетпей қалатын. Әсіресе, әдеби пәндер, ондағы қайшылықтар мен жайшылықтар менің делебемді қоздыра беретін. Солардың арасында бір қызық пән болды, ол – когнитивті лингвистика. Мектепте өмірі естімеген ұғым. Антропоцентристік парадигма дегендерді естімек түгілі ойламағанбыз да. Белгілі ғалым, ғылым кандидаты, профессор Күлдірсін Сарышова дәріс оқиды. Әдебиеттен білетін, физика-математика сабақтарында еміс-еміс естіген терминдерді, тарих теорияларын араластырып отырып лекция жазамыз. Құдай-ау, ұғып болсам-шы… «Түсіне алмай отырмын» деп айтудың ұят емес екенін түсіне қоймаған шақтарымыз ғой. Бас шұлғып қоямыз. Апай сұрақ қойса тілді бұрап отырып есте қалғанды бұтып- шатамыз. Ай, көрдік-ау «көресіні»… Бір күндері оқытушымыз бізді түсінуге тырысты-ау, «балалар, «когнитивті лингвистика» деген – сөз тарихы. Ал, сөз тарихы – өз тарихың» – деді. «Ох» – дедім іштей. Өлеңге өте ғашық, ақын болуға аса ынталы маған нағыз керек сабақ екен ғой.

Қазір «жасанды интеллект» деген шықты емес пе?.. Ол есеп шығарады, әп сәтте полиглот та бола алады, сурет салады, тіпті «өлең жазып», «ән шығарады» деп жатыр. Білімнің барлық көздерін «меңгертіп» болып, талантты «игертуге» шыққаны да… Енді сол жасаулы һәм «жасанды интеллекттеріңіз» когнитивті лингвистиканы толық сіңірді десе, мен сенбеймін. Себебі оған тірі сезім, тірі ой және Құдайлық сана керек. Мұны маған Күлдірсін Сейітжанқызы пәннің бір курсында-ақ ұғындыра алған.

Жалпы Күлсіндірсін апай өз пәніне жаратылған ғалым. Сұлу. Кескініне жаны үндес. Жүйесіздікке төзе алмайтын, тамырынан безе алмайтын адам. Бір қарағаннан-ақ биік тәрбие көргені байқалады. Ең бірінші, қоғамдық мәдениетті, тәртіпті сұрап тұратын көзқарастары, шекарасынан асырмайтын қатқыл мінезі, нормадан аспайтын иба-ишараттары бір ортаны тәрбиелеп тастайтын құзіретке ие. «Уғын да, шуғын» боп жүретін біздердің Сарышова беретін бір лекцияда-ақ тым әдепті бола қалатынымыз да соның дәлелі шығар.

Сосын, апайдың қатты шыққан дауысын естімеппіз. «Ақырып» алға озғанын да, күмілжіп кейін қалғанын да. Айтып отырмын ғой, табиғаты тура өзінің зерттеуге ғұмырын арнаған тақырыбындай. Дәл, дара. Біздің кафедраның ең орнықты, ең талантты, ең дарынды түлектері апайды ұстазым дейді. Іздейді. Себебі Күлдірсін Сейітжанқызы бар жағынан тартымды адам.

2022 жылы өңірге Алаштың аяулы ақыны, қайратты, қайраткер ақыны, «Отан» орденінің иегері Светқали-Айтман Нұржан үлкен жүректі ұстаз-ғалым, тәуелсіздік жылдарында алғаш болып көші-қон жұмыстарын үйлестіріп, шеттегі талай қазақтың талайғы арманын шынға айналдыруға атсалысып, отандастарымыздың Отанына оралуына ең бірінші дәнекер болған Шәрібай ағамыздың өмірден өтуіне байланысты отбасына көңіл айтуға арнайы келіп, шаңырағына бірге бардық. Құдай қосқан қосағы Күлдірсін апайымыз армасын айтуға келгендерді қабылдап болғаннан кейінгі құран асы үстінде Айтман аға жадында қалған жылдарды жаңғыртып, Шәрібай аға, Күлдірсін апай, Жаңабек Жетіруовтармен бірге өткен кезеңдерді еске алғанда, «ұстазымыздың мықтылығының бірұштығы дарабоз дәуірінде жатыр екен ғой» – деген ой түйдім. Өлең қуалап жүрген мені апайға жақындастырған да поэзия құдіреті, апайдың ақындарға деген құрметі екен. Міне, бүгінде біз ұстазымызбен өмір жолы алысқа ажыратып көрмеген тілеулес жандарға айналдық. Бір атым насыбайға бола өкпелеп қалатын қазақ кеуілінің жалғыз дәрмені – бір ауыз жылы сөз ғой. Апайдың «балам-ау, амансың ба?» – деген бір ауыз сөзі біздің дәтімізге кәдімгідей қуат.

Бажайлай алсаңыз, ұлт тілі мен әдебиетін шәкірт жанына сіңіретін қай ғылыми ұжымды алып қарасаңыз да, жұрт аузында жүрген өзіндік бір аңызы болады. Біздің кафедраның аңыздары да, Күлдірсін апай сияқты аңыз адамдары да ертеңгі күні қозғалатын тарих деп есептеймін.

Ғалым, профессор, өлең жанашыры, сөз жанашыры Күлдірсін Сейітжанқызы биыл 60 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өтеді. Ұлағаты қымбат ұстазға ғасырлық ғұмыр тілеймін! Шәкірт жадында мәңгіге қалатын кісілік келбеті бар, сондай мәдениетті, жаны жайсаң апайымыз шаттыққа толы өмір сүрсе дейміз.

Мақсат ДАУЫЛБАЙ,
шәкірті, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!