31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жүрген колхоздастырудың соңы алапат аштыққа ұласты. Тарихшылар дерегінше 1931-32 жылдардағы аштық даланы ақсөңке сүйекке толтырды, қазақтың жартысына жуығы өзегі талып өлді.
Одан кейін 1937-ның ойраны жетті. Ақылға сыйымсыз айыпқа іліккен «Халық жауларының» жақындары да жазасыз қалған жоқ. Тарихи деректер Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілгенін айтады.
Сталиндік жазалау машинасының қайшысына алғаш Алаш қайраткерлері ілікті. 1928 жылы Ахмет Байтұрсынов, Міржақыпов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сынды 44 «буржуаз ұлтшыл» қамауға алынды. 1930 жылдың қыркүйегінде Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сынды бірқатар қазақтың қаймағы абақтыға жабылды. Олардың біразы ұзақ жылдарға айталды.
Репрессияның екінші толқыны 1937-38 жылдары болды. Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Әбілхайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров секілді қайраткерлер осы «отыз жетінің оқпанына» жұиылғандар. Олардың аттарын атауға, шығармаларын оқуға тыйым салды. Тек өткен ғасырдағы «жылымық» кезеңнен кейін ғана олардың бірқатары ақталды. Ал ел еркіндігімен бірге көптеген азаматтарымыздың асыл есімі ортамызға қайра оралды.
Бүгінде Қазақстанның орталық көшелеріне, мекемелерде осы қоғам қайраткерлері мен қазақтың көрнекті азаматтарының аты берілген. Олардың құрметіне мемориалдық кешендер орнатылып, ескерткіштер ашылған. Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары советтік Қазақстанда 118 мың адам сотты болыпты. Мамандар пікірінше, сол кезеңдегі тарихи мәліметтердің ақтаңдақ тұстары әлі де көп. Кеңес заманында Қазақстан территориясында ірі еңбекпен түзеу лагері – Карлаг жұмыс істеп тұрды. Онда қамалғандар ауылшаруашылығы, индустриальдық өндірістегі ауыр жұмыстарға жегілді. Карлагта бір миллионнан астам тұтқын болған. Сондай-ақ елімізде саяси маңыздағы АЛЖИР – отанын сатқандардың әйелдері тоғытылған Ақмола лагері болды. Ондағылар жарлары жасамаған саяси қылмыс үшін жазасын өтеді.
Қарлагты ұйымдастырудағы басты себептердің бірі – Орталық Қазақстанда жедел қарқынмен өсіп келе жатқан көмірлі-металлургиялық өндіріс орындары Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін ірі азық-түлік базасын құру болған. Тағы бір жағдай – осы өндіріс орындарын құрып және оны жетілдіру үшін жұмысшы күші де өте қажет еді.
Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге
салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Доспенбетова Мөлдір Жанатбекқызы
7мектеп-лицейі оқу-тәрбие орынбасары
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!