«Ұлттық санақ 2021» халық санағының ІІ кезеңі жалғасуда. Бүгінде аймақта халық санағына тіркелген респондент саны 315 542 адамға жеткен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева санақтың ІІ кезеңінің жүргізілу барысын баяндады.

Елімізде үшінші кезекті ұлттық халық санағы осы жылдың 1 қыркүйегінен 15 қазанға дейін жалғасады. Биылғы халық санағы пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта жүруде. Ерекше атап өтетін жайт, санақтан өту барысында азамат өзімен бірге отбасы мүшелері үшін де санақ парақшасын толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп отбасы мүшелерін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады.

«Жалпы санақ жұмыстарының ІІ кезеңі бойынша 1113 адам уақытша жұмысқа тартылды. Оның ішінде 140 жуық адам нұсқаушы-бақылаушы қызметінде жұмыс істейді. Санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымы және әлеуметтік-демографиялық жағдайын сипаттайтын ақпарат негізделеді. Халық санағы аясында азаматтарға экономикалық, әлеуметтік жағдайы және тұрғын үй жағдайларының жай-күй туралы 91 сұрақ қойылады. Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары ел азаматтары туралы сапалы деректерді алуға үлкен көмек болады», -деді Мариям Жәдігерқызы.

Сондай-ақ, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова тұрғындарды халық санағынан белсенді түрде өтуге шақырды.

«Респонденттер sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты арқылы кез келген жерде санақтан өте алады. Ал екінші әдіс бойынша дәстүрлі жаппай сауалнама 1 қазан мен 30 қазан аралығында интервьюерлер мен электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізілетін болады. Облыс, қала және аудан азаматтарын халық санағынан өтуге шақырамын», – деді Алмагүл Рахманбердіқызы.

Айта кететін жәйт, осы жылдың желтоқсан айында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда. Сондай-ақ өңірлік жинақтар қалыптастырылып, деректер электрондық форматта жарияланады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!