Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Оған қоса қазақ ойындары өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.

Әрбір халықтың тарихына, өмір тіршілігіне, салт-дәстүріне қатысты ұлттық ойындары болады. Қазақ халқының да салтында бар, санасына сіңген ұлттық ойындары аз емес. Негізінен басым көпшілігі аңға, төрт түлікке байланысты туындаған ойындар зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет етеді. Этнограф ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тараған. Біздің қоғамымыздағы ұлттық ойындардың негізгі шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылығынан бастау алады.

«Қазақстан Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ – ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған» деп жазылған.

Бірақ қазір жастар ұлттық ойыннан гөрі санасын улайтын құмар ойындарды артық санайды. Оның тигізер зиянына көңіл аудармайды да. Сылтау – ХХІ ғасыр. Заман өзгерген, техника дамыған. Ол уақыт келмеске кеткен. Осы сылтаулармен жастар ұлттық құндылықтарға мән берместен заман ағымына ілесіп келеді. Ал ұлттық ойын тасада қалды. Оның кейбірі тіпті көмескіленіп, ұмыт та болып бара жатыр. Заман ағымынан қалмай, заманауи дүниелерді меңгерген дұрыс-ақ. Бірақ теледидар мен телефонға бос телміргеннен гөрі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, сананы сергітіп, ұлттық ойындарды тек Наурыз мерекесі қарсаңында ғана емес, күнделікті өмір дағдысына айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Этнограф ғалым Әбубәкір Диваев өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады. Ол бірінші топқа рулық-қауымдық құрылыс кезеңінде өмірге келген ойындарды, екінші топқа – қозғалыс ойындарын, үшінші топқа – спорттық ойын түрлерін жатқызады. Қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен зерттеген этнограф халық ойындары баланың қимыл-қозғалысын дамытып, денесін шыңдап қана қоймай, денсаулығын жақ сартушы бірден-бір пайдалы дүние екенін мойындаған. Осы ретте ел ішінде кең таралған ойындарға тоқталсақ.

Көкпар – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 70-80 келідей болады. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан көкпарға тартпайды.

Көкпар – Орта Азия халық-тары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны – көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорт ойыны бол ған. Көкпар жігіт тердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Соны мен қатар көкпар аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды.

Бәйге – ұлттық спорт ойындарының бір түрі. Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, бәйге өзбектерде «пайга», қырғыздарда «чабыш» деп аталады. Кейбір деректер бойынша, XV ғасырдың 70-жылда-рында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жаға сында, «Тұлпарсаз» деген жерде бәйге ұйымдастырған. Осы кез ден бас-тап бәйге қазақ халқының алқалы жиында рының ажырамас құрамдас бөлігіне айналған.

Бұрын бәйгеге қосылған аттар түстік, күндік жерге, ұзақ қашықтықтарға шабатын. 1957 жылы Қазақстанда қабылданған ереже бойынша құнан бәйге 1200, 1500, 1600, 1800, 2000 метр, дөнен бәйге 2400, 3000, 3200, 4000, 4800 метр, аламан бәйге 5000, 8000, 10000 метр қашықтықта өткізіледі. Көбінесе қашықтық төрешілер алқа-сының шешімі бойынша бәйге алаңының айна-лым ұзындығына байланысты белгіленеді.

Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын спорт түрі. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатыстырылады. Сайысқа қатысушылар үш салмақ дәрежесіне бөлінеді. Аударыспақта салмақ дәрежесіне бөлудің мақсаты – қатысушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатыса беретін болған. Ойында тұлпары белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білекті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рөлді атпен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке ұласып жатуы шарт.

Қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорттық ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп.

Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар секілді белді балуандар көп болған.

Жамбы ату – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның, ат үстіндегі ойын түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс болған. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Ойын қазақтың ата тегінен бері келе жатқан, болмаса аңшылық кәсібінен қалған, келе-келе көз ұшындай жерге жамбы тігіп, соны ататын, көңіл көтеретін, бүкіл жұрт болып қызықтайтын ұлттық ойынына айналған. Бұл ойын халықтың ұлттық ерекшелігін көрсетеді. Қазақтар жамбыны ат үстінде тұрып, болмаса шауып келе жатып қана атқан. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Төрешілердің ұйғарымы бойынша, бірнеше ныса на болады. Әрбір олимпиялық ойын дардан кейін оның бағдарламаларына енген спорт түрлерінің халықаралық бірлестіктері қайта қарап, түзетулер, өзгерістер енгізіп жүр. Қазір уақыт басқа. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінің ережелерін де қайта қарап, заман талабына сай өзгертуге болады. Мысалы, жамбы ату биатлонның ережесіне сай өзгертуге келеді. Тек шаңғының орнына ат керек. Сонда жаңа спорт түрі жазғы биатлон, «қазақ биатлоны» өмірге келер еді.

Теңге ілу – бозбала мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзату және сүндет той думанында кездеседі. Жігіттің мықтылығы, ат үстіндегі әрекеті, денесін игеруі мен ептілігі сыналады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шол-пысын не алқа күмістерін ора-малға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер 100-150 метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.

Арқан тартыс – қазақтың ұлттық ойыны. Ойынды жазда көгалды алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан 1,5-2 метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10-12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай сап түзеп тұрады.

Басқарушының берген командасы бойынша қатар сап түзеп тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш», деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады.

Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып ұстайды. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты – тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады.

Осындай білек пен білім, күш пен мінез, төзім мен сабыр сынға түсетін сан түрлі сайыстар арқылы тәрбие мен тағылымды бойына сіңірген жастарымыздың әрдайым алда болары анық.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!