Ұлыбританиялық Кристина Палмер қазақ тілін үйрену үшін Сыр еліне арнайы келді. Әлемнің 48 елін аралаған лингвист үш ай ішінде тілді тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Тілдесу барысында да бірыңғай қазақша сөйлестік. Француз, итальян, испан, орыс тілін білетін Кристина қазақ халқынан өзі байқаған ерекшеліктер туралы айтып берді.

– Осыдан сегіз жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасының қатысушыларына ағылшын тілін үйрету үшін Қазақстанға келдім. Оған дейін Ресейде төрт жыл жұмыс істеп, қазақтар туралы естіп, баруға қатты қызыққан едім. Ал қазір бұл жақта достарым өте көп. Табиғаты да, халқы да қатты ұнады. Қызылордаға келіп тіл үйренуіме қызылордалық Бекзат Ырзамен достығымыз себепкер болды. Мұнда келгесін Жанар Бимұратқызымен танысып, екі апта үйінде қонақ болдым. Жанар менімен қазақша сөйлесу арқылы тілді тез үйренуіме көмектесті.
Қазақтардан байқаған ең басты ерекшелігім – танымайтын адамға да төрін ұсынып, шын пейілімен қарсы алатын қонақжайлылығы. Ағылшындар үшін де қонақ қадірлі. Бірақ мұнда мүлде көрмеген адамға туысындай көмек қолын созады. Ал ең қызығы, саған таксиде немесе пойызда сөйлескен адам «Жасың нешеде?», «Тұрмысқа шыққансың ба?», «Еңбекақың қанша?» деген сұрақты еркін қояды. Қазір мұндайға үйреніп қалдым. Ұлыбританияда жеке ақпаратты тек жақын адамдар ғана сұрай алады немесе мүлде сөз қозғамайды, – деді Кристина Палмер.
Университетте орыс және испан тілін меңгерген лингвист жаңа тілді үйрену адамға күш-қуат сыйлайды, ал сол елге барып, тұрмыс-тіршілігімен танысу арқылы өзіңе бейтаныс әлемнің есігін ашасың дейді.
– Оңтүстік Ұлыбританияның Салисбари (Salisbury) қаласында тұратын мен 18 жасымда Оңтүстік Америкадағы Перуге оқытушы болу үшін аттандым. Сол кезде әлем елдеріне басталған саяхат әлі күнге жалғасуда. Қазақстанның жері кең әрі өте әдемі. Жамбыл облысындағы Құлан ауданында балаларға ағылшын тілінен сабақ бердім. Алматыдағы Көлсай, Ақтаудағы жерасты мешітіне, Қармақшыдағы Қорқыт ата мемориалына арнайы бардық. Бұл – менің өмірімдегі ең қымбат естеліктер. Шымкент пен Таразға да сапарладым. Қазақстанға қайта келсем Алтай тауларына барғым келеді, – деді ағылшындық аудармашы.
Бүгінде ағылшын тілін үйренгісі келетіндер өте көп. Кристинадан ағылшын тілін тез үйренудің жолын сұрадық. Оның айтуынша, осы тілді үйренгісі келетін жандармен сөйлесу, BookClub, SpeakingClub –қа қалмай қатысу әрі интернеттегі тегін бейнематериалдарды қарау тілді тез үйренудің ең жақсы жолы. Сондай-ақ түсінбесең де сол тілде музыка тыңдау, кино көру тілді тезірек қабылдауыңа әсер етеді.
Әлемнің ғажап жерлеріне барып, әр елдің жан дүниесі, таным-түсінігін білуге ұмтылған қайсар әрі қарапайым Кристинаға таңғала әрі қызыға қарадық. Соңында «өмірде сіз үшін басты нәрсе не?» деген сұрақты да қоюды ұмытпадық. «Адамдармен араласу, жақындарыңды бағалау» дейді ол.


А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!