Сурет ЖИ арқылы жасалған

Ықылым заманнан халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, өмір сүру салтының ажырамас бөлігіне айналған талай дәстүр мен наным-сенімі бүгіннің сүзгісінен өте алмай, біртіндеп көмескі тартып барады. Уақыт алмасқан сайын ұрпақтың дүниетанымы да өзгереді. Соған сай бұрын «қасиетті» деп танылған кейбір ұғым бүгінгі қоғамға тосын, тіпті кейде қисынсыз көрінуі мүмкін.

Мәселен, ертеректе жаңа туған сәбиді қырық күнге дейін сырт көзден жасыру, үйге бөгде адам кіргізбеу кең тараған нанымдардың бірі еді. Оның түп-төркіні нәрестені түрлі ауру-сырқаудан, тіл-көзден сақтау ниетінен туған деседі. Алайда қазіргі медицина мен гигиена талабы дамыған заманда бұл сенім бұрынғыдай қатаң сақтала бермейді. Дәрігерлер керісінше, таза ауа мен дұрыс күтімнің маңызын алға тартады.

Сол сияқты «жас келін табалдырықты баспасын», «түнде тырнақ алуға болмайды», «ысқырсаң кедей боласың» секілді тыйымдардың да астарында белгілі бір өмірлік тәжірибе мен сақтық жатыр. Мысалы түнде жарық нашар кезде тырнақ алу қауіпті болғандықтан, оны тыйған. Ал ысқыруды жаман ырымға балау – бос, мәнсіз әрекеттен тыюдың бір тәсілі.

Дегенмен уақыт өте келе бұл нанымдардың мәні көмескіленіп, тек сыртқы формасы ғана сақталып қалды. Тек сол дәуірдің көзін көріп, тәрбиесін бойына сіңірген ұрпақ қана әлі де сол ұстанымдарға берік. Қазіргі жастардың көбі мұндай тыйымдарға күмәнмен қарап, олардың ғылыми негізіне үңіле бастады. Лайықты аргумент таппаса дәстүрді ұстанудың маңызы жоқ деп табады. Бұл қоғамның саналы түрде жаңғырып келе жатқанын көрсетеді.

Алайда ескірді деп, барлық дәстүрді теріске шығарудың да жөні жоқ. Себебі әрбір салт-дәстүр – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінің, дүние танымының айнасы. Маңыздысы – сол дәстүрдің мәнін түсініп, бүгінгі өмірге лайықтап, қажет тұсын ғана сақтау.

Түйіндей айтқанда, дәстүр мен наным-сенім – қатып қалған қағида емес, уақытпен бірге өзгеретін тірі құбылыс. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – соның асылын ажыратып, ақыл сүзгісінен өткізе отырып, келер күнге аман жеткізу.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!