Еңбек адамы – ел адамы. Құрылысшының тұрғызған үйі, тігіншінің тіккен киімі, аспаздың дәмді асы немесе IT маманының жаңа жобасы – барлығы да күнделікті өмірді жеңілдетіп, өркениетті ілгерілетіп отыр. Бүгінде жұмысшы мамандықтардың мәртебесі бұрынғыдан да арта түсті. Ал негізгі міндет − жұмысшы мамандықтарды жастар арасында дәріптеу.
Бұл ретте ауданнан бастап республикалық деңгейге дейін түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Бүгін соның біріне куә болдық.
Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадада «Адал еңбек − жетістіктің бастауы» атты кездесу кеші өтті. Мақсаты − жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және оған жастардың назарын аудару, еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету, адал еңбегімен табысқа жеткен адамдардың еңбек жолын жастарға өнеге ету.
Бұл басқосу еңбек адамына деген құрметті арттырып қана қоймай, жастарға ой салды. Себебі іс-шараға өңірдің бірқатар еңбек майталманы, кәсіпкерлер, «Best Service LTD» ЖШС директорының орынбасары М.Мамедова, В.Сугербаева, Р.Омарова, «Гаухар» тігін үйінің директоры Қ.Мусаимова қатысты. Қонақтар тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис коллледжінің оқытушылары мен студенттері, С. Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің студенттері белсенді атсалысты.
Жиында тігінші, аспаз, кондитер, IT және сандық техника мамандықтары бойынша оқып жүрген студенттер өз қолдарынан жасаған өнімдерін назарға ұсынып, кәсібіне деген сүйіспеншілігін көрсетті.

Мұрат Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің «Тігін және киім үлгілеу» мамандығының студенті Інжу Камалбек қонақтар мен қатысушыларға тиыннан жасаған картинасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл жұмыс ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан да жасау процесіне біршама уақыт жұмсаған.

− Көбіне 1 теңгелер шашылып жатады, ешкімнің қажетіне жарамайды. Соларды жинап бастаған сәттен-ақ ойға түрлі идея келді. Мамандығым дизайнмен байланысты. Біз сурет салып, композиция жасауды үйренеміз. Сол кезде ұстазымызбен ақылдаса отырып, ерекше жобаға кірістік. Әуелі эскизін сыздық, кейін қыздың көйлегін тиындардан құрастыруды қолға алдық. Мұғалімнің тәжірибесі мен кеңесі бұл істің жүзеге асуына үлкен ықпал етті. Ол материалдарды таңдаудан бастап, композиция құруға, тиындарды бекіту тәсілдеріне дейін бағыт-бағдар беріп, эскизге түзетулер енгізді. Әрине, мұндай жұмыс үлкен ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Әрбір тиынды дәл орналастырып, композицияның тепе-теңдігін сақтап, бекітуді ретке келтіру көп уақыт алды. Дегенмен еңбектің нәтижесі бәріне тұрарлық болды.
Жалпы жұмыстарымды сатылымға шығару, тапсырыс қабылдау ойда бар. Дегенмен қазір негізгі мақсатым – оқу. Алдағы уақытта білімімді толықтырып, тәжірибемді шыңдаған соң жобаны дамытып, сатылымға ұсынуды жоспарлап отырмын. Мұнан бөлек қарапайым қалдық заттардан, оның ішінде пластик бөтелкеден, мата қиындыларынан, қағаздан, тиындардан түрлі әдемі де сәнді бұйымдар жасауға қызығамын. Аксессуарлар, үйге арналған декоративті дүниелер, шағын композициялар – бәрі де қиялға ерік бергенде дүниеге келеді. Ойымда әлі де жүзеге аспаған көп идея бар. Болашақта осы бағытты дамытып, қайта өңделген материалдардан жасалған ерекше әрі экологиялық таза бұйымдарды көбейтуге ниеттімін, − деді Інжу өзара әңгімелескен кезде.
Айта кеткен жөн, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарап, түрлі туынды жасап жүрген Інжу жетекшісі Асия Сейтмұратоваға алғысын білдірді.
Басқосуды қорытындылау барысында еңбектің құндылығын айқындайтын «Тіршілік негізі – еңбек» атты кітап көрмесі таныстырылды.


Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!