Фото: ашық дереккөзден алынды

Подкаст ұғымы туралы соңғы кезде көп естиміз. Бұл жастар қауымына таңсық емес жанр. Аты енді танылып келе жатқанымен, медиаөнімнің даму жолы 2000 жылдары басталған. Ал 2004 жылы ерекше өнім қалың тыңдарманға жол тартты. Алғашында Apple өнімдері арқылы етек жайса, қазір кез келген құрылғы арқылы тыңдауға мүмкіндік бар.

Жаңа жанрды сұхбатпен шатастырушылар көп. Бұл – орынды пікір. Дегенмен подкаст жанры сұхбаттағыдай тек сұрақ қойып, оған жауап алумен ғана шектелмейді. Кейіпкер де, подкастердің өзі де тақырып шекарасындағы таптаурындардан асып, пікір алмасуға құлықты. Өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта тыңдап, өзге жұмыстарыңызбен айналыса берсеңіз болады. Ұтымдылығы да осы. Сондай-ақ радионың орнын басады деген де сыбыстар ел арасында тарағаны рас. Алайда бұл – қате пайым. Себебі ақпарат таратушы екі жанр айрықша функцияларымен ерекшеленеді.
Подкаст әртүрлі тақырыпта болады. Рухани, діни, психологиялық, саяси, медицина және басқа да мәселелерді қозғайды. Танымал подкасттардың бірі – «Теңдессіз дұға». Діни жобаның жетекшісі Бақытжан Мейрамбеков, ал жүргізушісі Малика Айтжанқызы. Жоба бойынша кітап та жарыққа шықты. Шоу-бизнес жұлдыздары – Мөлдір Әуелбекова, Айжұлдыз Адайбекова, Нұрай Жеткерген, сондай-ақ психологияға қызығатын жандардың осы подкасттың қонағы болып жүргенін байқаймыз. «Тамаша жыл», «Qarlygashpodcast» экология саласындағы мәселелерді қозғайды. «Oy-Detox»-та ақпарат айдынында адаспау туралы әртүрлі сала мамандарымен сұхбат құрса, «FindyourB» қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығып, мотивациялық тұрғыда көрерменге ой саларлық дүниелерді баяндайды. Осы іспеттес басқа да пікірталас алаңдары үздіксіз жарыққа шығып отырады.
Жастар арасында «Дәстүрлі подкаст» жоғары танымалдылыққа ие болды. Мистикаға толы оқиғаларды баяндаған бұл жоба «Дәстүр» фильмі аясында жарыққа шығып, рейтингі аз уақыт ішінде жоғарылады. Жобаны «Ирина Кайратовна» тобының солисті Алдияр Жапарханов жүргізді. Әлеуметтік желілерде танымал блогерлер мен актерлар, көптеген өнер өкілдері подкасттың қонағы болды.
Жалпы әлеуметтік желіде, Youtube-та подкасттар жиі жарық көре бастады. Қазір лицензиясыз да подкаст шығаратындар жеткілікті екен. Бұл олқылық жанрдағы сапасыз контенттің көбейіп, құлдырауына әкелетіні сөзсіз. Сондай-ақ медиаөнімді арнайы подкастқа арналған қосымшаларға жүктеудің орнына, әлеуметтік желіге жүктей салатындар бар. Бұл ескеруге тиіс қателік. Себебі Youtube-қа жүктелінетін контент бөлек, ол – ютуберлердің жасайтын дүниесі. Ал подкастқа арналған арнайы бірнеше қосымшалар жұмыс істейді.
Уақытты тиімді өткізу үшін бір уақыт подкаст жанрына бет бұрған дұрыс. Пайдалы және керекті ақпарат бере алады деген сенімдеміз.


Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!