Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай жастармен кездесу өтті.

«Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – Ел тәуелсіздігіне 30 жыл! Егемендік жылдарында дүниеге келген ұрпақ бүгінде мемлекеттік қызметтің әр саласында табысты еңбек етуде. Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Осы ретте, Сыр елінің өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосатын өздеріңізсіздер!», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде модератор – ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов Ассамблеяның Қазақстанды бейбітшілік пен татулық орныққан ел ретінде бүкіл әлемге танымал еткенін атап өтті.

«Қазіргі таңда қазақ жерінде қалыптасқан достық пен келісім арқасында 100-ден аса этнос пен 18 конфессия бейбіт өмір сүріп жатыр. Саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді іске асыруда Қазақстан халқы ассамблеясы жетекші рөл атқарады», – деді Рафхат Бисенов.

Мерекелік кездесуде Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова, облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері Светлана Крюгер және «Zoom» желісі арқылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских пен Қазақстан – Британ техникалық университетінің студенті Евгений Демиденко мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс білдіріп, мемлекеттік қызметтің аса жауаптылықты талап ететінін атап өтті.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, ҚХА жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак Абайдың шығармалары елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне ерекше ынталандыратынын айтты.

Атап өту қажет, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметшілердің саны 3471 болса, оның 496-сының жасы отызға толған жоқ. Облыста Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 22 және «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі түрлі салада қызмет атқарады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!