Сурет ЖИ арқылы жасалған

Жеті шелпектің шарапатына сенетін халықпыз. Жұма сайын жеті күлше пісіріп, көрші-көлемге, ағайын-жақынға таратамыз. Жаман түс көріп, көңілге күдік ұяласа да, сапарға аттанарда да жеті күлше пісіріп, иіс шығаруға кірісеміз.

Халық арасында бұл нанымға байланысты аңыз бар. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, ертеде қыран құсты баулып, саятшылық құратын аңшы болған екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы үнемі майланып оралады. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын ақиық қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауды ойлайды. Ал сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянып, бір бәлені сезгендей әйеліне жеті күлше таратуын айтады. Жұрт «Қабыл болсын!» деп, күлше наннан дәм татады. Ал дәл осы «Қабыл болсын!» деген сөз аңшының жолын ашқандай. Себебі аңшының келетінін сезген қыран «Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып, көздерін ояйын» деп балапанын тауға аманаттап кетеді. Бірақ біршама уақыттан соң, қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Сонда тау «Мен саған хабар бергім келген. Бірақ аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті күш жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады» деп жауап қатқан екен. Міне, «Жеті күлше жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған.

 Бірақ неге «жеті»? Ел ішінде жеті күлшеге қатысты тағы бір тағылымды әңгіме айтылады. Қазығұрт өңірінде өмір сүрген Ысқақ қожа атты әулие кісі дүниеден өткенде, оның ұлы Ысмайыл қожа әкесінің қырқына дейін әр бейсенбі сайын жеті күлше пісіріп, жұртқа таратып отырған деседі. Бірде біреу одан «Неге жеті күлше таратасыз, біреу болса болмай ма?» деп сұрағанда, ол «Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, тіпті жетпіс атаңа дейін жетеді. Ал бір күлше өзіңе ғана тиеді» деп жауап берген екен.

 Қазақ дүниетанымында «жеті» саны ежелден киелі саналған. Халқымыз жеті атадан аспай қыз алыспаған, жеті қазынаны қастерлеген, жеті қабат көк, жеті ғалам деп әлемнің тұтастығын осы санмен байланыстырған. Сондықтан жеті күлше пісіріп тарату да жай ғана ырым емес, жақсылық тілеп, жамандықтан сақтанудың белгісі ретінде қалыптасқан.

Айта кету керек, кей өңірлерде «жеті шелпек» деп аталса, енді бір жерде «жеті күлше», «жеті нан» деп айтылады. Атауы әртүрлі болғанымен, мәні бір.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!