Жаз мезгілі ауа бастаған шақта ел тұрғындары демалысқа бет алып, шетелге шығып, көшпелі туризмнің дамуына атсалысады. Биылдың өзінде 323 470 қазақстандық шетелге демалысқа аттанған. Ең танымал жеті бағытқа Мальдив аралдары (10 297 адам) және Черногория (4 824 адам) кірсе, шетелде демалу үшін танымал елдер тізімінің басында Мысыр – 129 347 турист, Түркия – 109 964, БАӘ – 61 764, Грузия – 4 017 және Шри-Ланка – 3 133 енген. Сондай-ақ Қазақстаннан шығатын туристердің ең көп саны шілде мен тамыз айына тиесілі екен.
Жалпы Еуропа елдеріне саяхатпен не болмаса жұмыс бабымен жүрген жерселестеріміз жетерлік. Соның бірі – Самат Сыржанов. Самат биылдың өзінде кәрі құрлықтың 5 еліне барып, мәдениеті, халықтың әл ауқаты, мемлекеттің ерекшелігімен танысып қайтқан. Саматтың Еуропадағы алғашқы сапары Черногория елінен бастау алған.
Черногория тарихи нысандармен есте қалды
Черногория қатты таңқалдырды. XII ғасырдан бастап салынған нысандар сол күйі сақтаулы. Егер заман талабына сәйкес нысанды өзгертетін болса бір ғана бұрышын коллаборация жасап, заманауи тәсілге айналдырған. Қала көшелерін жаяу аралайсың. Өйткені көлік жүретін көшелер өте аз. Жалпы Черногория туралы қызықты фактілермен таныстым. Солармен бөліссем.
Сөздік диалектке байланысты қызықтар көп. Мысалы, тауыққа қатысты сөзді пайдаланбаған дұрыс. Өйткені онда ол жаман сөзді білдіреді.
Черногорияда жүзден аса веб-сайт қызмет көрсетсе, барлығы автокөлік жалдау қызметтеріне бағытталған. Олардың басым бөлігі ресейліктерге тиесілі. Сондықтан тілге байланысты түсінбеушілік жоқ.
Елдің солтүстігіндегі Конюши елді мекенінде некеге отырудан бас тартқандар тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бас тартқандардың саны – 60 адам екен.
ЮНЕСКО-ның қорғауында орналасқан Котер қаласында әлемнің ең тар көшесі орналасқан. Оны арнайы барып көрдім. Көшенің атауы «маған рұқсат етіңіз» деп аталады. Көшеге көлденеңнен 2 адам ғана сияды. Егер салмақты үлкен адам болса, тек жалғыз жүруге мүмкіндігі болады.
Зәйтүн ағашының қасиеті мол деп санайды черногориялықтар. Өйткені екінші дүниежүзілік соғыста Черногория құлдырап, зауыттар жұмысын тоқтатып, халқы тоқырауға ұшыраған. Сонда халық зәйтүнмен қоректеніп, аштықтан аман қалған екен. Сондықтан мұнда зәйтүн ағашын кесуге қатаң тиым салынған. Барда қаласында ең байырғы зәйтүн ағашы өседі. Ол 2000 жылдан асқан.
Сондай-ақ Барда қаласында ислам дінін ұстанатындар көп. Тіпті соған сәйкес мешіт те бар.
Сапар барысында Тара өзеніне жолым түсті. Өзеннен тікелей су ішуге болады. Өйткені Тара Еуропадағы ең мөлдір, таза өзен болып саналады.
Корея мен Қазақстан байланысы нығая соңғы жылдары түскен. Қазір Сеул, Пентак секілді қалаларында қазақстандықтар көп. Басым бөлігі жұмыс бабымен жүргендер. Соның бірі Пентак қаласындағы жерлесеміз Элона Құдайбергенова. Элонаның күн шығыс елінде жүргеніне жылға жуықтаған.
Кореяның өз қиындығы бар
Жалпы Кореяда жұмыс істеу оңай емес. Кәрістердің өзіндік мәдениеті бар. Тіпті, жұмыстағы ұжымдық қарым-қатынас біздің елдегіден бөлек. Егер Кореяда жұмыс істесең, өз міндетіңді ғана орындап қоймай, оны өз мерзімінде және жоғары деңгейде орындауың қажет. Жұмыстан басшыңнан бұрын қайтпаған жөн. Егер жақсы жұмыс істегің келсе, басшыдан кейін қайту керек. Мен мұнда тағы жұмыс істегім келеді. Сонымен қатар мұнда жалақы өте жоғары. Тіпті, минималды жалақының өзі жоғары.
Маман ретінде тілді жоғары деңгейде меңгергендіктен қазір Кореяда жұмыс істеу маған тиімді. Оның үстіне жақсы жалақы төлеп отырған соң болашағымды осы жерден көріп отырмын. Егер болашақта білім алу керек болса, жаңа мамандық меңгеру керек болса, Қазақстанға қайта ораламын.
Кореяның қызықты деректері мені таңқалдарды. Соның бірсыпырасына тоқталсам.
Мысалы, Оңтүстік Кореяда қызыл сиямен біреудің атын жазса, жақын арада ол адамға жаман бірдеңе болады деп сенеді. Олар қызыл сиямен жерлеу рәсіміндегі арнайы нышанға дүние салған адамдардың атын жазады. Осылайша мәйітті шайтандардан қорғауға болады деп сенеді, ал тірі адамдар үшін қызыл сия – қорғаудың емес, қарғыс тілеудің белгісі.
Оңтүстік Кореяда тематикалық саябақтар өте көп. Әрі ақылға сыймайтын тақырыптарды қамтиды. Мысалы, Samsung Electronics корпорациясының басты ғимараты ораласқан Сувон қаласында дәретханаға арналған көңіл көтеру саябағы бар. Ол қала әкімі Сим Дже Дуктың құрметіне ашылған. Ол да өз кезегінде Бүкіләлемдік дәретханалар ұйымының ұйымдастырушысы және өкілі.
Оңтүстік Кореяда пластикалық хирургияға бәрі байсалдылықпен қарайды. Сол себепті ешкім оны жасырын істеуге ұмтылмайды. Корей әйелдерінің «пластикаға» әуестігі сонша әр бесінші корейлік әйел қандай да бір пластикалық ота жасатады. Тіпті кейбір ата-аналар баласының мектеп бітіруіне орай пластикалық ота жасатуға сыйлық ұсынады екен. Көбіне отаны мұрынға және қабаққа жасатады. Бұл операциялар ең оңайы, тіпті «негізгісі» десе болады. Кореяда осыған байланысты «Кіруге рұқсат етіңіз» деген реалити-шоу да бар. Қатысушылар операцияға дейінгі және кейінгі өмірлері жайлы сыр шертеді. Сәтсіз жасалған жағдайларда беттің жансыздануы немесе тіпті сал болып қалу қаупі бар. Бірақ көп қыз бұл тәуекелді сұлулық жолында құрбандық деп түсінеді.
«Болашақ» бағдарламасымен білімін Лондонда жетілдіріп жатқан жерлесіміз Бекзат Ырза Англияны ақылдылар елі деп бағалайды. Өйткені Англияда ғылымға қолайлы жағдай жасалған.
Ұлыбритания – мәдениеттің отаны
Англияда алғаш рет емеспін. Өйткені магистратураны осы елде бітірдім. Магистратурада оқып жүріп, Ұлыбританияға ұлы сезім пайда болды. Сондықтан туризм саласын одан әрі дамыту барысында оқуымды жетілдіруге бел байладым. Қазір Лондонның іргесіндегі Гилфрд қалашығында қоныстандым. Өйткені мамандығыма сәйкес ең озық оқу орны бар. Сонда белгілі ғалымдардан дәріс алудамын. Жалпы Лондон мен Гилфрдтың арасы тым жақын болғанмен тыныс-тіршілігі әр алуан. Англия астанасы үздіксіз қозғалысымен таңқалдырады. Түрлі ұлт өкілдері шоғырланса да бөліп жармайды. Бастысы, қоғам әр адамның жақсылығын ғана қабылдайды. Көп елдерде болсам да Лондонның адамдарға деген құрметі ерекше ұнайды. Себебі өмір сүру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Мысалы, қарапайым автобустағы қызметтің өзі үлкен мәдениеттілікті байқатады. Білім мен ғылым өте жоғары деңгейде дамыған. Сол себепті өзге елден келетін білім алушылардың саны едәуір көп. Білім мен ғылымға негізделген базалар көп. Солардың барлығын қарап, өз салаңды дамытуға бағытталған мақалалар мен жинақтарды оқуға болады. Ұлыбританияның Ирландия, Шотландия, Уэльс секілді елдері де бар. Ол мемлекеттерде де болдым. Ол жақта тілдік диалекттерді бірден байқауға болады. Өзіме Шотландия қатты ұнады. Тарихын сақтап қалуға көп жұмыс істегені байқалады.
Саяхатшылардан кеңес
Хош, шетелге шығуды мұрат тұтып, өзге елге аттанар болсаңыз, біздің кейіпкерлерден кеңес ұсынамыз. Ең алдымен, құжаттарыңыздың дұрыстығын тексеріп алған жөн. Әсіресе, паспорттағы тегіңіздің, атыңыздың, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, балаларыңыз туралы мәліметтердің дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Паспортыңыздың аяқталу мерзімін қадағалаңыз. Мерзімі өтіп кеткен немесе өтуге таяп қалған құжатты міндетті түрде ауыстыру қажет.
Виза дайын ба?
Баратын еліңіздің Қазақстан азаматтарына бағытталған визалық режимін білген абзал. Егер виза қажет болса, сол елдің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне барып виза алу керек. Кейбір туристік агенттіктер арқылы да жасатуға болады. Визадағы мәліметтердің дұрыстығы мен мерзімін, шетелде жүруге рұқсат етілген күндердің санын да салыстырып қараңыз. Ал еліміздің азаматтары үшін визасыз режим болса, ол елде болудың ең ұзақ мерзімі мен тәртібін анықтап алыңыз. Бір мемлекет арқылы екінші елге баруды жоспарласаңыз, онда транзиттік виза туралы да ақпарат сізге қажет.
Айыппұл мен берешектер бар ма?
«Шет елге шығуы шектелген, борышкерлер тізімі және атқару өндірісі бойынша борышқорлар тізімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынғандығының бар-жоқтығын тексеру» қызметі арқылы шетелге шығуға қойылған шектеудің бар-жоғын тексеруді ұмытпаңыз. Оны ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтындағы мәліметтер базасынан немесе «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі» мәліметтер базасынан тексеріп алуға болады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар мен төленбеген айыппұлдарды да анықтап алу керек. Төленбей қалған айып-пұлдың шекарадан шығарда үлкен тосқауыл болатынын әрқашан естен шығармау керек.
Медициналық мәселелерге мән беріңіз.
Баратын еліңіздің медициналық сақтандыру қызметі жайлы да ұғысқан оң. Өйткені ол медициналық көмек қажет болған жағдайда сізге шығындарыңызды өтеуге мүмкіндік береді. Сапарға шығардан бұрын денсаулығыңызды тексертіп, өзіңізде жұқпалы аурулардың жоқтығы жайлы анықтама алғаныңыз абзал. Өзіңізге қажетті дәрі-дәрмекті (асқазанның, іш аурудың, тұмаудың дәрілері) ала жүрудің де артықтығы жоқ. Сондай-ақ тропикалық елдерге бару үшін дифтерия, сіріспе, полиомиелит, сары безгек секілді инфекциялық аурулардан екпе алуды ұмытпаңыз.
Е.ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!