Жоралғы – қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпындағы кәделердің бір түрі. Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл – әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастарына сай жасалатын алыс-беріс, сый-сыяпат ретінде берілетін тарту-таралығы. Мұның әр түрлі жолдармен жасалатын реті болады. Мысалы, алғаш рет келген құрметті қонаққа, батырға, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиға көрсетілетін жол бар. Олардың жанындағылар да елеусіз қалмайды. Мұндай тарту-таралғыға ат-шапан, кісе белбеу, ер тұрман, қару-жарақ, қалы кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жатады. Жол жөн-жосық, кезек беру арқылы да көрсетіледі, мысалы, бата беру, бас ұстау, жоғары отыру.

Бесікке салуда жол құдағиға немесе басқа рудың әйелдеріне беріледі. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын береді, өйткен, «қыздың жолы жіңішке» деген бар. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ «жолсыз іс» дейді. Жалпы қазақ баласы қай жерде де, қай істе де  жолсыз, жоралғысыз аяқ баспайды. Ел ішінде күн сайын кездесетін жолдасу, жол алу, жолын беру, жоралғы жасау, жөн-жосық міне, алдымен осы жолдан басталады. «Орамал тон болмасада, жол болады», дегенде, атам қазақ: «Үлкен-кіші болса да, сыйлай біл, арзан қымбат болсада жолы мен жөнін көрсете біл», – деп ескерткен. «Е, Құдайым тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме,  аттан құласамда жолымнан құлатпа!» – деп тілеген ел жолдан жығылуды ар санаған, сол жолдан таймаған.

Жоралғыны еліміздің кей аймағында жол деп атайды. Әртүрлі бас қосуларда сыйлы, қимас адамға берілетін кәде сый. Мәселен қыздың жасауын, қоржын, той-томалақ жасауға ағайын –туыс, көрші-қолаң қол ұшын беріп, жоралғысын жасап, менің де отбасымда осындай той болсын», «той тойға ұлассын» деген тілектер айтылған. Наурыз мейрамында ат шаптырып, бәйге беріп, айтыс, күрес сыңды  ойын-сауық түрлерін ұйымдастырған. Бұл жарыстарға әр өңірден келген палуандар мен сал-серілердің киыімдері, ат-әбзелдері,  алтын-күміс бұйымдары мен музыкалық  аспаптарының барлығын халық алып берген. Өнерпаздың ел алдына жарқырап  шығуы үшін жағдай жасау да жоралғының  бір түрі. Өз кезегінде жарыста топ жарып шыққан азамат жеңіп алған сый-сияпатын үлкен адамның жолы деп беріп, халықтың сол жердегі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың батасын алады. Жоралғы алу кезінде дұріс ниет ету, жөнді бата беру де маңызды.  Бата – тек ұйқас сөздерді тізіп қою емес, өнерпаздың мерейін үстем ету, құдайдан жақсылық тілеу, халықты бірлік пен сыйластыққа шақыру жолы.

Жоралғысыз жол, батасыз бақ болмайды! Жоралғыдан  батаның жүгі ауыр. Жоралғыны кез келген адамға беріп, кез келген адамнан бата сұрамайды. Батаны аузының дуасы, сөзінің мәні, өзінің сыйы бар адам ғана бере алады. Жоралғы күні әрбір адам өзінің туған-туыс, ағайын-бауыр, жақындарына арнайы сыйлықтар тарту етіп, қуантуға асығады. Өйткены, ұлыстың ұлы күнінде сый-сияпатқа бөленген жан бұл әсерін ұмыта қоймас.

Жол-жоралғы – әр адамның азаматтық, елдің елдік,қасиетін сынайтын ұлағатты ғұрып. «Жаңа отауға тарту деп қазақ жоралғысымен бір-бір соғымды ақ сазандай тулатып әкеп байлаған.Тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет-ғұрыптың бәрі осы жол-жоралғы арқылы жасалады, жөнін табады. Жолды ұстай білу-биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың берік тұғыры. Осы орайда, көктемнің шуақты күнінде, қазақ дүстүрінде қастерленетін жоралғы күні – заман қалай құбылсада, ұлтымыздың осы бір дәстүрі сәні мен мәнін жолғалтпаса екен.

А.НЕШЖАНОВА,

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының

бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!