Ұлт басына күн туғанда халқының қасынан табылған Жұмабек Тәшенев қазақ жерінің телім-телім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін жан аямай күрескен ұлы отаншыл азамат. Өз елі мен ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен есте қалған қайсар жан.

Жұмабек Ахметұлы – 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы, Аршалы ауданының Танакөл ауылында дүниеге келген. 1933 жылы Ақмола құрылыс техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін оқуын тастап, қоғамдық жұмысқа кіріскен. Осылайша бұл оқу орнын 1955 жылы бітірді.

Қызмет жолын 19 жаста аудандық комитеттің хатшылығынан бастаған. Ал 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған. 29 жасында облыстық партия комитеті басшысының орынбасары, 37 жасында Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына келді. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

«…60-шы жылдардың бас кезінде КОКП генсек Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей Ресейге бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Ташенев батыл қарсы шықты. Нақтылап айтсақ, Н.Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК-ның бюро мүшелерін түгел Мәскеуге шақырып, Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу туралы мәселені талқыға салғанда Ж.Тәшенов «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мои родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..» – деп тойтарыс берген. Осы бір ауыз тарихи сөз Қазақстанның солтүстік аудандарын Ресей құрамына өтіп кетуден сақтап қалғаны айна-қатесіз ақиқат.

Жұмабек атамыз өзінің саясаткерлігі мен шешендігі, салауаттылығы мен салмағы арқылы қазақ жерінің тұтастығы үшін күресті. Мансап пен пенделік нәпсіге құл болудан ада болды, жалтақтаған жағымпаз тұлғалардың алдында өзінің ар-намысының биіктігі мен ата-баба аманатына адалдығын көрсетті. Жерге қорған, елге тұтқа болды.

«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деген Жұмабек Тәшенов Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалды.

«Егер ол мансапқұмар болса, бәріне бас изеп, үнсіз келісе берер еді ғой. Жоғары қызметін де сақтап қалатын еді. Жоқ, ол ондай болған жоқ. Әрине, қызметінен босатқан шақта жұмысына жоғары жақтың көңілі толмайды деген бұйрық шығарған. Сөйтіп Шымкентке жіберіліп, әкем өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Халық құрметтейтін, бағалайтын. 60 жасқа келгенде зейнетке шығарды. Бірақ ол кезде де біраз жұмыс атқаратын күш-қуаты бар еді. Ол қарап отыра алмайтын. Зейнетке шыққан соң зерттеу институтында жұмыс істеді» дейді ұлы Саян Тәшенов өз естелігінде.

Жұмабек Ахметұлы 71 жасында, 1986 жылы 18 қарашада дүниеден өтті. Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының басшысына қарсы тұрып, дәлелді уәжі арқылы тойтарыс бере білген Жұмабек Тәшеновтің ерлігі бүгінгі ұрпақтың санасына рухани азық болары сөзсіз.

Ералы ЕСІМОВ,
Астана қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!