Ышқынып жел жеткізеді бір үнді,
Жабық жатқан қара түңлік түрілді.
Жарық түсті үй ішіне сәулелі,
Өшкен жанып, өлген қайта тірілді!

Желтоқсанды жиі еске аламын,
Аш бөрідей ұлып тұрды заманым.
Сол күндердің куәсімін мен де бір,
Арпалысқан тұсы ақ пен қараның.

Дүйім елді дүрліктірген дүрбелең,
Болатынын ешкім-дағы білмеген.
Желтоқсанның он жетісі алаңға
Барған едім достарыммен бірге мен.

Алаңдағы сол қырғынды көз көрді,
Бәрі, бәрі бір-ақ күнде өзгерді.
Аштық, нәубет, қасіретті көп көрген,
Халқым тағы қиын кезге кез келді.

Бұзып-жарып қиянаттың қамалын,
Қарсы тұрдық – төңкерісі сананың.
Тіршілікте бірі жеңбей, бітіспес,
Күресі бұл ескі менен жаңаның.

Жұтып жатты ажал ашып аранын,
Талай жасты тартқан зұлмат залалын.
Желтоқсанда жанға түскен әлі күн
Ауырады орны ескі жараның.

Арқалап ап нақақ жасын наланың,
Құрбаны боп жалған жапқан жаланың.
Кете барды бәрін артта қалдырып,
Қыршындары қасиетті даланың.

Жарқ етіп бір жоғалады жұлдыздар,
Соңдарында қалатұғын нұрлы із бар.
Жағаласқан талай жанды жалмады,
Желтоқсанда соғып өткен түнгі ызғар.

Маңай толды жендеттерге қаптаған,
Сырттай торып, сұмдар тыныш жатпаған.
Сырқат жандай төсек тартқан тұрмастай,
Сұп-сұр болып сұлық түсіп жатты алаң…

Жандайшаптар жалғандыққа бас ұрып,
Шындық дарға өлтірілді асылып.
Мылқау-дүние тұрды тілі кесіліп,
Не сұмдықтың бәрін ішке жасырып.

Қызыл гүлдер үлгермеді ашылып,
Аяз ұрып, жатты солып, басылып.
Әр жерінде қалды сол бір алаңның,
Қаракөздер моншақтары шашылып.

Ойлап кетсем жанар жасқа толады,
Айтар менің қайғы-мұңым көп әлі.
Өзек талып, өзен-көлдер суалып,
Дала ауыр күрсінгендей болады.

Суық еді, күннің көзі күлмеген,
Ұлттық намыс жастық отын үрлеген.
Бастау алған сол күндерден бүгінім,
Тәуелсіздік, азаттыққа үндеген.

Әділеттің айы туып, ақталып,
Қуанамын көңіл толқып, шаттанып.
Қалып қойды өшпестей боп жадымда,
Желтоқсанның жаңғырығы жаталып.

Еңлік МЫРЗАХМЕТОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!