«Красная ромашка» фильміне  түскен жерлесіміз туралы  не білеміз?

Қызылорда қалалық қосым­ша білім беру мекеме­сінің педагогі Айнұр Аман­келдіқызының мына әңгімесі өткен шақтың жарқын естеліктеріне құрметпен қа­райтын көпшілікті бейжай қалдырмасы анық.

Арал қаласында тұратын 82 жастағы Аманкелді Махам­бетов ақсақалдың осыдан ал­­пыс жылдан астам уақыт бұрын Ке­ңес әскері қатарында әске­ри борышын өтеп жүріп ерек­ше маңызды тарихи де­рек­тің куәсі болғанын, нақ­ты­рақ айтсақ, сол кездегі ГДР кинематографистерінің атақ­ты татар ақыны Мұса Жәлел туралы түсірген деректі фи­льмінің кейіпкері болғанын өзгелер тү­гілі өз балалары да осы кезге дейін білмей келіпті. Бірде шай үстінде ол кісінің өзі бұл туралы қысқаша баяндап бергенде балалары таңғалады.

Аманкелді Махамбетов әс­­кери борышын 1963 жылы атақ­ты Потсдам қаласында өте­ген. Потсдам – мың жыл­дан аса тарихы бар, екінші дүние­жүзілік соғыс аяқтал­ғаннан ке­йін үшінші рейхтің сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойған жеңімпаз мемлекеттердің Гер­­манияны оккупациялық ай­­маққа бөлу туралы атақты «Потс­дам конференциясы» ше­­шімі бекітілген тарихи қала. Дәл осы конференцияның ше­шімі бойынша Германия де­мократиялық және феде­ра­тив­тік екі мемлекетке бөлініп, астаналары да Шығыс және Батыс Берлин болып, арада алынбастай көрінген берік қамал – «Берлин қабырғасы» тұрғызылып, Потсдам ГДР ен­шісінде қалғаны да осы тұс болатын. Осы Потсдам қа­­ласында әскери қызметін өтеп жатқан Кеңес жа­уын­герлерінің арасына ГДР-дің «DEFA» киностудия­сы өкілдері келіп, атақты Мұса Жәлел туралы деректі фильм түсіріп жат­қан­дарын, фи­льм­дегі Жә­лел­дің досының ролін сомдай­тын кейіпкерді іздестіре кел­ген­дерін айтқанда, жауынгер­лер арасында мұндай та­рихи таңдауға деген үлкен қы­зы­ғу­шылық пайда болады. Бар­мақтай болса да бағы шығар, кино мамандарының бар­лық сұранысына сай келіп, қан­шама жауынгердің арасы­нан таңдау қазақстандық Аман­кел­ді Махамбетовке тү­седі.

Мұса Жәлел екінші дүние­жүзілік со­ғыс­­та тұтқынға тү­сіп, бірне­ше кон­центрациялық лаге­рь­лердің азабын аяусыз тар­тып өлім жазасына кесіл­ген. Ке­йінірек марқұм болып кетсе де, ерлікке толы өмірі, өл­мес мұрасы, қапаста отырып жазған аса құнды жыр жи­­нақтары үшін 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, 1956 жылы Кеңес Одағының Баты­ры атағы, ал атақты «Маобит түр­ме­сінде» өлеңдер жи­на­­ғына Мұхтар Әуезовтің ар­найы дәнекер болуымен ха­­­лық­­аралық Лениндік сый­лық­тың лауреаты атағы бе­рілген. Татардың ұлы ақыны Мұса Мұстафаұлы Жәлел өт­кен ғасырдың бас жағында қазақтың астанасы болған Орынбор облысының Мұстафа ауылында 1906 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан ауыл­дағы қазақ балаларымен ой­нап өскен ол, қазақ тілі­не өте жетік болған. Мұса Жә­лел­дің досы ретінде қазақ жі­гі­тінің, Аманкелді ағаның таң­далуының негізгі себебі осы болса керек.

Осындай тарихи тұлғаның досының ролін әкелері Аман­келді Махамбетов сомда­ға­нын, фильмнің атауы «Красная ромашка» екенін естіген балалары айран-асыр бо­лып, дереу ғаламтордан із­дес­тіруге кіріскен. Әдеп­кіде ағылшын тілі арқылы та­был­маған фильмді Аман­келді ағаның Қызылорда қа­ла­сында тұратын баласы Нұр­ланның келіншегі Сәуле неміс тілі нұсқасынан тауып көр­сете бастағанда, отбасы мүше­лері­нің толқынысында шек болмады.

Дүние жүзіне белгілі тарихи тұлға Мұса Жалелдің жа­нында жүрген жанары жар­қыраған уыздай жас сарбаз, жиырма жастағы әке бей­не­сін көрген ұл-қыздары, неме­релері уақыттың шексіз де қас-қағым екені, оны ұрпақ есінде мағыналы қалдырудың маңызды екенін де ұғынды. Жастық шақтың, өткеннің жанға жақын жарқын бір бөл­шегін көрген Аманкелді ағаның да толқынысы балаларынан кем болған жоқ. Осы естелік өмір тарихы, отбасы тарихы ретінде де ұрпағының жадында ұзақ сақталатыны анық.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!