Фото: Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институты
KAZINFORM — Жошы ұлысы қазақ мемлекеттілігінің тарихында маңызды орынға ие. Оның тарихи мұрасын, Отан тарихындағы рөлі мен орнын зерттеу үшін Қазақстан Президентінің тапсырмасымен белгілі тарихшы, PhD докторы Жақсылық Сәбитов басқарып отырған Жошы ұлысы зерттеу ғылыми институты құрылды. ҒЗИ директоры Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында ғылыми институттың қалыптасу процесі, жұмысының негізгі бағыттары, ғылыми жобалар мен ғалымдардың жетістіктері туралы айтып берді.
— Жақсылық Мұратұлы, ғылыми институт қандай себеппен құрылды?
— Институтты құруға көптеген себеп болды. Біріншіден, Қазақстан тарихының екі кезеңі өте нашар зерттелді: бұл 1206/1224-1502 жылдардағы Алтын орда кезеңі, сондай-ақ Алтын орданың ыдырауынан пайда болған ордадан кейінгі хандықтардың тарихы. Екіншіден, Қазақ хандығының тарихы жан-жақты зерттелмеген. Шын мәнінде, XVII ғасырдың кейбір онжылдығын өте аз білеміз, егер бастапқы дереккөздерді зерттеу барысында кем дегенде екі абзацтық ақпарат жиналса, онда ол жақсы болар еді.
Жошы ұлысын ғылыми зерттеу институтын құрудағы басты мақсаты — Алтын орда мен Қазақ хандығының тарихын зерттеу. Біз тарихтың осы кезеңдері неғұрлым зерттелген және түсінікті болуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Осылайша, хронологиялық тұрғыдан Жошы ұлысы ғылыми зерттеу институты Қазақстан аумағында Жошы ұлысының пайда болуынан бастап (1224-1225 жж.), Жошының ұрпағы қазақтардың соңғы ханы Кенесары басқарған 1847 жылға дейінгі тарихтың 2 кезеңін қамтиды.
— Институттың қалыптасу процесі қалай өтті: ғылыми ұжымды қалыптастыру, материалдық-техникалық базаны қалыптастыру және, әрине, қаржыландыру мәселесі?
— Шын мәнінде, ғылыми мекеменің қалыптасу процесі жалғасып жатыр әрі әлі аяқталған жоқ. Шартты түрде айтқанда, Қазақстан Президентінің институтты ашу туралы тапсырмасы 2020 жылдың тамызында айтылды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғылыми институтты құру туралы қаулысы 2021 жылдың қазан айында ғана шықты. Ең соңында, 2022 жылдың сәуірінде институт түпкілікті заңды рәсімделді: құрылтайшлық құжаттарын алды, Жарғысын, нақты заңды мекен жайын бекітті, жарғылық капиталын қалыптастырды. Яғни, барлық заңды әрекетті аяқтады. Алғашқы қаржыландыру 2023 жылдың ақпанында басталды. Бірінші ғылыми жоба Шағатай ұлысы мен Моғолстан тарихын зерттеуге, сондай-ақ Хайду ұлысын зерттеуге арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы болды. Осы жылдың соңында біз бұл жобаны аяқтаймыз. Демек, бұл институт ғалымдары жұмыс істей бастаған алғашқы жобамыз.
Осы жоба аясында біз 10-ға жуық түрлі кітап дайындадық, оның ішінде кейбір дереккөздердің аудармалар жинағы, Шағатай ұлысының тарихына арналған жеке кітап, Моғолстан мемлекетіне арналған жеке кітап, көрнекті саяси қайраткерлерге, Шағатай ұлысының, Өгедей ұлысының, Хайду ұлысының және Моғолстан мемлекетінің тарихи тұлғаларына арналған энциклопедия бар.
— Институттың ғылыми құрамы туралы айтып берсеңіз.
— Қалыптасу процесі жүріп жатқандықтан әлі де негізгі қаржыландыру жоқ. Негізгі қаржыландыру пайда болғаннан кейін бізде штат, штаттық қызметкерлер болады. Егер ғылыми құрам туралы айтатын болсақ, онда, әрине, кәсіби тарихшылардың, бірқатар шығыстанушылардың (арабтанушылар, синологтар, парсы, түркі білгірлері) қатары, «Тарих» мамандығы бойынша магистратурада, докторантурада оқитын көптеген жас қызметкер бар. Жалпы, адам көп, біреуді бөле жара айтқым келмейді. 2025 жылдың қаңтарынан базалық қаржыландыру басталғаннан кейін құрамның айтарлықтай жаңаруы болады.
— Институттың 2024 жылғы қызметінің алдын ала нәтижелері қандай?
— Егер біз жыл нәтижесі жайлы айтатын болсақ, онда, әрине, институттың маңызды ғылыми нәтижелерінің бірі мен жоғарыда айтқан монографияларды жазу, сондай-ақ ортағасырлық дереккөздердің қолжазбаларын аудару екендігін атап өткен жөн. Бізде «Юань ши» және «Мин Ши» қытайлық тарихи еңбектердің аудармаларынан үзінділер, сондай-ақ араб дереккөздерінен Рукн ад-Дин Бейбарыстың «Зубдат әл-фикра» (XIII ғасырдағы Жошы ұлысының тарихына қатысты екінші маңызды дереккөз), Мұхаммед Салихтың «Шейбани-наме» (Мұхаммед Шейбани өміріне қатысты дереккөз), «Тархан-наме» (Қазақстан аумағынан шыққан және XVI ғасырда Синдте билік еткен Арғын және Тархан әулеттеріне қатысты),«Харавидің «Тарихи герат», Кашанидің «Тарихи Олжайту», Хасан-бек Румлудың «Муизз әл-Ансаб » (қазақ хандарының толық шежіресі сақталған XV ғасырдың алғашқы үштен біріндегі Темір әулетінің шежірелік дереккөзі), «Ахсан ат-таварих», Хондемирдің «Хабиб ас Сиар» және басқалары бар.
Жалпы, бастапқы дереккөздерді аудару бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрине, ғылыми айналымға жаңа тарихи дереккөздерді қосатын шығыстану саласындағы кадр тапшылығы салдарынан оның әлсіз жүргізілетіндігі белгілі. Біз іс жүзінде көптеген дереккөзбен жұмыс істейміз және олар дайын болған кезде мүмкіндігінше басып шығарамыз.
Егер ғылыми жарияланымдар туралы айтатын болсақ, онда 2023 жылы Scopus және Web of Science дерекқорларына кіретін журналдарда біздің институт қызметкерлері 8 мақала, Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне кіретін қазақстандық журналдарда 19 мақала жариялады. 2024 жылы Scopus және Web of Science дерекқорларына кіретін журналдарда институт қызметкерлері 15 мақала, Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне кіретін қазақстандық журналдарда 61 мақала жариялады. Биыл институт ғалымдары өздерінің ғылыми белсенділіктерінің өте жоғары нәтижесін көрсетті.
— Алдағы кезеңде институт алдында қандай міндеттер тұр?
— Қазіргі уақытта біз Шағатай, Хайду және Моғолстан ұлыстарының тарихы бойынша жобаны аяқтадық. Ғылыми жарияланымдар бойынша барлық талап орындалды.
Келесі жылы біз Қазақ хандығының тарихы бойынша жобаны аяқтауды, сондай-ақ Қазақстандағы ұлттық құрылымның тарихи жады мен саясаты жөніндегі жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2026 жылы бізде Алтын Орда тарихы бойынша жобаны аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, біз Алтын орда тарихына арналған Қазақстанның академиялық тарихының 3 томын дайындауға қатысамыз. Бәлкім, бізді Қазақ хандығының тарихына арналған 4 томдық жұмысқа да тартатын шығар.
— Әңгімеңізге рахмет!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!