2025 жылы 1 шілдеден бастап екінші деңгейлі барлық банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның даму банкі мен Қазпошта қазақстандықтар мен резидент еместердің банк шоттары мен салымдары бойынша есептілікті Ұлттық банкке ұсынуға міндеттеледі. Бұл туралы Ұлттық банктің қаулысында айтылған Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тек депозиттер ғана емес, банк шоттарының барлық түрі бақылауға алынады:
- Ағымдағы шоттар;
- Мерзімді және жинақ салымдары;
- Жеке кәсіпкерлердің шоттары;
- Инвестициялық және шартты салымдар;
- Қалдығы нөлге тең болса да шетел және ұлттық валютадағы шоттар.
Есептер шот ашылғаннан, клиент деректері өзгергеннен немесе жаңа келісімшарт жасалғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жіберілуі тиіс.
Кешенді есеп беруге:
- Шот иесі туралы мәліметтер — жеке тұлға, жеке кәсіпкер, заңды тұлға немесе халықаралық ұйым;
- Банк шоты (немесе салым) шарты туралы деректер;
- Шотқа қатысты техникалық ақпарат (валюта, мөлшерлеме, қалдықтар);
- Шоттағы барлық айлық операциялар бойынша есеп — қаражаттың түсуі, алынуы, пайыздар, шектеулер кіреді.
Формада шарт талаптарының кез келген өзгерістерін қоса алғанда, депозиттік ұйым мен шот иесінің барлық өзара әрекеттері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Жеке деректер қалай қорғалады?
Жеке тұлғаның ЖСН орнына есепте деперсонализацияланған идентификаторлық нөмір қолданылады. Бұл сыртқы тұлғалар үшін кері шифрлауға болмайтын код.
Деперсонализацияланған идентификаторлық нөмірді әр банк өзінің алгоритмі бойынша жасайды және ол:
- Әр клиент үшін бірегей болуы тиіс;
- Бір банктің шеңберінде өзгермейтін болуы керек;
- ЖСН-ді тікелей немесе жанама түрде қамтымауы қажет.
Сондай-ақ шот иесінде ЖСН немесе БСН болмаған жағдайда, АИН (альтернативті идентификациялық нөмір) қолдануға болады.
Шифрланғанына қарамастан, банктер бұл деректердің ашық нұсқасын арнайы қорғалған арналар арқылы Ұлттық банкке, Қаржылық нарықты реттеу агенттігіне және Депозиттерді кепілдендіру қорына сұрату келіп түскен жағдайда беруге міндетті. Бұл жалпы есеп беру жүйесінен тыс жүргізіледі.
Егер банк есеп беру кезінде қателік жіберсе, ол 2025 жылдың соңына дейін, бірақ есепті тапсыру мерзімінен кейін бір айдан кешіктірмей түзету енгізе алады. Бұл үшін банк Ұлттық банкке арнайы хабарлама жолдауы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!