Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

KAZINFORM – Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында павлодарлық оқушылар ұлттық «Ортеке» биінен Қазақстанның рекордын орнатты. Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі.

«Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, домбыра шерткен саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.

биі
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Былтыр қазақтың «Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне қосылған болатын. Бұл да ұлттық мәдениетіміздің мәйектерін әлем мойындай бастағанының көрінісі. «Ортеке» биінен Қазақстан рекордын орнату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.

биі
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

 – «Ортеке» биін жастар арасында, соның ішінде оқушыларға таныту мақсатында Конституция күніне орай әрі Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында 100 жас домбырашыны шақырып, осындай игі мәдени шараны ұйымдастырудың сәті түсті. Бұл жерде кәсіби домбырашыларды да тартуға болар еді. Дейтұрғанмен, таңдауымыз өнерде жолын енді бастап жатқан жас өрендерге түсті. Әкімдіктің тапсырыс беруімен шеберлер 100 ортекені арнайы жасап берді. Бұл бұйымдар кейін жергілікті музыкалық мектептер мен музыкалық колледжге, өзге мектептер мен балалар клубтарындағы домбыра үйірмелеріне таратып беріледі, – дейді Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов.

гиннестің рекордтар
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Жас домбырашылардың өнерін жергілікті көрермен Ертіс өзені жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында тамашалады. Қазақстан рекордын орнатуға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешені, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының өнерпаздары қатысты.

күйі
Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Музыкалық колледж — дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың сөзінше, «Ортеке» – күйшілік өнердегі тартымдылық әрі көрнекілік үшін қолданылатын жанр.

– Күйшілік өнерде жүрген шебер домбырашылар «Ортекені» көнеден бері шебер билете білген. Екінші жағынан балаларға арналған шығармаларды дәріптеу үшін таптырмас өнер түрі. Халқымыздың табиғатқа жақындығын, жабайы жануарларға деген қамқорлығын танытатын ерекшелігі де бар. Білім беру ұйымдары өнерлі балалардың басын қосып, ортекелерді билете отырып, «Қаражорға», «Салкүрең», «Секіртпе» күйлерін сахнада сәтті орындап шықты. Мұндай рекордқа көшпенділер ойыны қарсаңында қол жеткізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Ертістің Павлодар өңірі үшін бұл – тарихи іс-шара, – дейді Серік Қасымханұлы.

(КИНЭС) Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов павлодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, аталған мектептердің өкілдеріне сертификаттар табыс етті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!