Ұлытау өңірінің тұрғыны Түймегүл Темірбаева биыл 116-шы көктемін қарсы алды. Ол Қазақстандағы ең қарт тұрғындардың бірі. Қаңтар айында 116 жасқа толған кейуананың жасы елдегі ең үлкен жас екені Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан расталған, деп хабарлайды «Адырна«.

24.kz мәліметінше, ғасырдан асқан әже жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де тың. Өмір бойы еңбекпен шыңдалған ол қазір де бос отырмайды. Үй шаруасына араласып, құрт жайып, қолынан келгенше отбасына көмектесіп жүреді. Тіпті кейуана көзәйнексіз ине сабақтап, іс тіге алады.

Түймегүл әже ұзақ жасаудың сырын адал еңбек пен ақ ниетке байланыстырады. Ол жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге өмір бойы жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан. Қиын еңбекке қарамастан, ерлі-зайыптылар ауыл тіршілігінен қол үзбеген. Аязбай ақсақал 95 жасқа дейін өмір сүрген.

«100-ден асып бара жатырмын. Өлмей келе жатырмын. Балаларым аман болсын. Балалардың алдында кетсем деп жүрмін», -дейді 116 жастағы әжей.

Түймегүл әженің балалары: «Осы күнге шейін ол кісінің «Ауырдым» дегенін естімедік», – дейді. Ес білгеннен еңбекпен өскен жан қазір де қартайдым деп қарап отырған жоқ. Немерелердің қарсылығына қарамай, үйдің тірлігіне де араласады.

«Анда-санда далаға шығып келеді. Көбінесе үйде жүреді. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың шаруасына, іштің шаруасына. Қанша дегенмен жасы келді ғой. Теледидар көріп отырады. Бізге тамақ істеп қояды», – дейді келіні Раушан Темірбаева.

Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толды. Оның елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растаған. Кейуана бүгінде Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Бауырынан өрген 4 баладан 15 немере, 25 шөбере сүйген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!