Алдағы үш жылда облыста 98 инвестициялық жоба жүзеге асады. Дәл осы бастама үшін экономиканы әртараптандыру мақсатында 2 триллион 800 миллиард теңге қарастырылып, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Иә, өңірдегі көрсеткіштерге зер салсақ, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқанын байқаймыз. Былтырғы нәтиже де жаман емес. Өткен жылы шетелдік инвестиция тарту бойынша меже 280 миллион АҚШ доллар болса, 9 айдың өзінде 205,7 миллион АҚШ долларға жеткен.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева өнеркәсіп саласында 1 триллион теңгеден астам өнім өндірілгенін мәлімдеді. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20,5%-дан асқан.

−  Аймақта 65 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейтін болса, онда экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі (32,9%) еңбек етеді (116 мың адам).

Мемлекеттік қолдау шараларының аймақта жүйелі әрі тиімді түрде жүзеге асырылуы кәсіпкерлік саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етті. 2025 жылы жеке кәсіпкерліктің 2929 жобасына қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, шағын және орта бизнестің 210 жобасы субсидияланып, 145 жобаға кепілдік берілді, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева.

Биыл да басқарма қарқынды жұмыс істеуді көздеп отыр. Мысалы, сауда айналымын 107%, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 21,2%-ға, ал орта бизнестің көрсеткішін 5,3%-ға жеткізу жоспарда бар.

Камилла САҒЫНДЫҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!