Фото: твойгород.com

15 мамырда Қазақстанның барлық аймағында ескерту жүйесі тексеріледі. Сиреналар сағат 12.55-те қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, тексеріс «ӨРТ-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өтеді. Республикалық штаб Абай ауданында.

«Оқу-жаттығуда мемлекеттік органдарды, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарын табиғи өрттерді жою жөніндегі іс-шараларға дайындау мәселелері қарастырылады», – деп хабарлады ведомство.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті сирена қосулы кездегі тәртіп ережелерін еске салды:

  • Егер дабыл соғылғанда үйде болсаңыз: радионы немесе теледидарды қосыңыз, шұғыл хабарламаны тыңдаңыз және соған сәйкес әрекет етіңіз;
  • Егер дабыл кезінде көшеде болсаңыз: көше дауыс зорайтқыштары арқылы берілетін хабарламаны тыңдаңыз және соған сәйкес әрекет етіңіз.

Министрлік тұрғындардан дүрбелеңге салынбауды сұрайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!