Қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
«Ауылдағы денсаулық сақтау саласында бірқатар проблема бар. Динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіз болуы байқалып отыр. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз», – деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.
Осы орайда ол бірқатар ауылда дәріхана пунктері жоқ екенін айтты.
«Ауылдағы кадрлық қамтамасыз етуге талдау жіргізіліп, 1 700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің тапшылығы анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы нысандарға инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде, 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, сондай-ақ 400-ге жуық ауылда медициналық нысан жалға алынған, немесе апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан» – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, ауылдық медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қатысты медициналық инфрақұрылымының тозуы 50 пайыздан асып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!