2024 жыл Қазақстан үшін соңғы он жылдағы құқықбұзушылықтар саны мен олар бойынша салынған айыппұлдар мөлшері бойынша рекордтық жыл болды. Былтыр өндірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 304,3  миллиард теңгеге жетті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда (56,9 милллиард теңге) 5 еседен аса жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Кursiv.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Құқықбұзушылықтардың өсуі және айыппұлдардың ұлғаюы

Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 15 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37%-ға (10,98 миллион іс) көп. Ал 10 жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда, құқықбұзушылықтар саны 3,5 есеге (4,14 миллион іс) артқан.

Сол сияқты құқықбұзушылар саны да өсті: 2024 жылы 14,65 миллион адам жауапкершілікке тартылды, олардың 95,2%-ы жеке тұлғалар болды. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда 4 есеге жуық өскенін көрсетеді. 2024 жылғы барлық істердің 84%-ында (12,7 миллион) айыппұл салынған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 38,4%-ға көп. Айыппұлдардың жалпы сомасы 304,27 миллиард теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63,9%-ға артық. Кейінгі 10 жылда айыппұлдардың сомасы 5,35 есеге өсті.

Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда тоқтатылған істер саны 20%-ға артты (269 мыңнан 323 мыңға дейін).

Әр азаматқа орта есеппен 1,5 айыппұл

Бас прокуратураның статистикасында әкімшілік құқықбұзушылықтардың 98%-ын қамтитын жеті негізгі сала бар. Бұл істер айыппұлдардың жалпы сомасының 67,5%-ына тең.

2024 жылы барлық айыппұлдардың жартысына жуығы жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болды. Көлік саласына қатысты айыппұлдардың жалпы сомасы 139,46 миллиард теңгені немесе барлық айыппұлдардың 46% болды. Бұл істердің өндіріп алу деңгейі өте жоғары – 89,8%. Екінші орында салықтық құқықбұзушылықтар тұр. Олардың жалпы істер санындағы үлесі тек 1,5% болғанымен, салынған айыппұлдар сомасы 35 миллиард теңге болды. Алайда бұл соманың тек 41,8%-ы ғана өндірілді.

Үшінші орында қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзу тұр. Мұндай құқықбұзушылықтардың көбісі ұсақ істерге жатады (ішімдік ішу, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарды ластау). Бұл санат бойынша айыппұлдардың жалпы сомасы 9,96 миллиард теңге болғанымен, тек 47,5%-ы ғана өндірілген. 2024 жылдың II тоқсанындағы экономикалық белсенді қазақстандықтардың санына (9,2 миллион адам) сүйене отырып, әр адамға орта есеппен 1,5 айыппұлдан келеді. Ал жүргізуші куәлігі бар азаматтар үшін (2023 жылдың соңында 6,3 миллион адам) бұл көрсеткіш 2 айыппұлдан келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!