Фото: americhoice.org
Fox News жүргізген жаңа сауалнамаға сәйкес, АҚШ азаматтарының шамамен жартысы инфляция халықтың бюджетін әлсіретіп жатқандықтан, өздерінің қаржылық жағдайы нашарлап бара жатыр деп есептейді. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің 44 пайызы өздерінің қаржылық жағдайы нашарлап бара жатқанын айтқан. Америкалықтардың айтуынша, 2026 жылы олар көбірек үнемдеп, аз шығындалып, инвестицияға көбірек көңіл бөлмек.
Соңғы айларда инфляция қарқыны баяулағанына қарамастан, көптеген негізгі тауардың бағасы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Тұтыну бағалары индексінің деректеріне сәйкес, қараша айында жалпы индекс қыркүйектегі 3 пайызбен салыстырғанда 2,7 пайызға өскен. Ал желтоқсан айына қатысты деректер әлі түпкілікті бекітілмеген.
Бұған дейін АҚШ экономикасы 2025 жылдың үшінші тоқсанында жылдық есеппен 4,3 пайызға өскені хабарланған еді. Бұл көрсеткіш экономистердің үшінші тоқсанға жасаған 3,3 пайыздық болжамынан жоғары болды.
Сонымен қатар, Нью-Йорк Федералдық резерв банкінің жаңа есебіне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында америкалықтардың қарызы 197 млрд долларға артып, 18,59 трлн долларға жетіп, рекордтық деңгейге шыққан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!