Фото: Halyq Uni
2025 жылы жеке тұлғалар міндетті түрде декларация тапсырудан босатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Президент жаппай декларациялау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Қазір декларацияны 4 млннан аса адам тапсырады. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы азаматтардың қалған барлық санаты да декларация тапсырады деп жоспарланған. Оған халық алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы өзінің назарын аударды, – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың базасы барынша цифрландырылған, қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді.
Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер көрсету кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы және цифрландыру министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базадан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн, – деді премьер-министр.
Осыны негізге ала келе Үкімет жеке тұлғаларды декларация тапсырудан босату керек деген ұстанымға келген.
Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияны міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдаймын. Осыған байланысты қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Әділет министрліктерімен бірге 3 күн ішінде қажет заңнамалық түзетулер әзірлеп Парламентке тиісті жұмысты жүргізуі керек, – деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев декларация мәселесін көтерді.
Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемеге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы әрі салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет, – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!