фото: ашық дереккөзден алынды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2026 жылға арналған макроэкономикалық шолуын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.

Бастапқыдағы қауіпке қарамастан, 2025 жылы жаһандық экономикалық өсім, болжамнан сәл төмен болса да, тұрақтылық танытып отыр. ХВҚ бағалауынша, әлемдік экономика биыл 3,2%, ал 2026 жылы 3,1% өседі. АҚШ пен ЕО-да инфляцияның 2%-дық мақсатты деңгейден асып кетуіне қарамастан, орталық банктер ақша-ytcbt саясатын абайлап қалыпқа келтіріп жатыр. Қытайда ауқымды бюджеттік қолдау мен жұмсақ монетарлық саясат экономикаға жақсы демеу болып тұр,  олар биыл 5%, келер жылы 4,5% өсімді сақтап қалуы мүмкін.

Әлемдік қаржы жағдайы жұмсарып жатқанда, Қазақстан екітаңбалы инфляцияны ауыздықтау үшін ақша-несие саясатын амалсыз қатайтуға мәжбүр болды. Бұған жаңа салық-бюджет өзгерістері мен бөлшек несиелеудегі қатаң реттеулер қосылып, ішкі сұранысқа айтарлықтай қысым жасайды. Осылайша, 2026 жылы еліміздің экономикасы «тар жолдан» өтуге мәжбүр болады: қатаң ақша-несие саясаты, ауқымды салық-бюджет реформалары және онша қолайлы емес сыртқы жағдай (шикізат бағасының төмендеуі және әлемдік экономиканың баяулауы).

ІЖӨ өсімі 4,4%-ға дейін баяулайды

Биыл елдің ІЖӨ өсімі 6%-дан асуы мүмкін. Бұл – бюджет шығындарының артуы, инфрақұрылымдық және әлеуметтік инвестициялар, шикізат өндірісінің көбеюі және жалақының өсуі (+10%) есебінен болған жоғары тұтынушылық сұраныстың нәтижесі.

Алайда, 2026 жылы ІЖӨ өсімі 4,4%-ға дейін баяулауы мүмкін. Себебі — Теңіз кеніші кеңейгеннен кейін мұнай өндірісінің тұрақтануы, салық өзгерістері, қаржылық жағдайдың қатаңдауы және биылғы жоғары көрсеткіштердің әсері (базалық эффект).

Теңге бағамы

2024 жылы долларға шаққанда 15,5%-ға әлсіреген ұлттық валюта 2025 жылы позициясын жоғалтпауы мүмкін. Оған рекордтық жоғары базалық мөлшерлеме, Ұлттық банктің инвалютаны көптеп сатуы (+55%) және мемлекеттік құнды қағаздарға шетелдік инвестицияның келуі қолдау болады.

Дегенмен 2026 жылы доллар бағамы 553,6 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін (+5,9%). Шикізаттан түсетін экспорттық табыстың азаюы, импорттың өсуі және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің 5,3 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін қысқаруы теңгеге қысым жасайды.

Инфляция екінші жыл қатарынан екітаңбалы мәнде болады

Егер желтоқсанда баға өсімі 0,8–1,0% болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3–12,5%деңгейінде қалады. Бұған тарифтердің өсуі, бизнестің шығындары, импортқа тәуелділік және халықтың инфляциялық күтулері әсер етті.

2026 жылы инфляция сәл ғана баяулап, 11,7% болуы мүмкін. Бағаның екітаңбалы болып қала беруі инфляцияның инерциялық сипатын және құрылымдық шектеулердің бар екенін көрсетеді.

Ақша-несие саясатын жұмсартуға мүмкіндік аз

2025 жылы базалық мөлшерлеме екі рет көтеріліп, 15,25%-дан 18%-ға дейін жетті. Бұл ішкі сұранысты тежеу және баға өсімін тоқтату үшін жасалды.

Проинфляциялық факторлар әлсіреген сайын, мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге алғышарттар пайда болуы мүмкін: 2026 жылы сарапшылар базалық мөлшерлеменің 16,5%-ға дейін төмендейтінін болжайды. Бұл теңгелік активтердің тартымдылығына және теңге бағамына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Несие нарығы

Банктердің жаңа несие беру қарқыны баяулап жатыр. Бизнестің сұранысы орта және ірі бизнес сегментіне ауысса, халық арасында ұзақмерзімді кепілді несиелерге басымдық берілуде.

2026 жылы несиелеудің баяулауы ықтимал. Себебі қаражаттың қымбаттығы, реттеуші талаптардың қатаюы, салық жүктемесінің артуы және халықтың төлем қабілетінің төмендеуі банктердің де, қарыз алушылардың да белсенділігін тежейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!