Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде (БАӘ) өнер көрсеткен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева халықаралық гроссмейстер атағына қажетті үшінші норманы орындады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Бибісара 64 қатысушының ішінен үздік 30-дыққа еніп қана қоймай, әйелдер арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен. Ол әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды.
Бибісара бұл турнирде өзінің рейтингісін 2500-ден асырып, гроссмейстер атағын алуға қойылатын басты талапты орындады.
Енді тек ФИДЕ кеңесінің алдағы отырысында бұл атақты ресми түрде бекіту ғана қалды. Осылайша, Бибісара Асаубаева Жансая Әбдумәліктен кейін Қазақстан тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер атанбақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!