24 мамырдан бастап тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтар Отбасы банкі арқылы есепке алынып, пәтер бөлінеді. Бұл туралы Құрылыс комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр қарашада Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған заңға қол қойған. Бұл заң биылғы 24 мамырдан бастап күшіне енеді.

Жаңа заңға сәйкес, Отбасы банкі тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және пәтер бөлумен айналысатын ұлттық даму институты болып қайта құрылды, – деді комитет басшысы.

Кезектің бұрынғы ақпараттық жүйесі 24 мамырға дейін жұмыс істейді. Осы күннен бастап барлық кезектегі азаматтардың деректері Отбасы банкіне өтеді.

Жаңа тетік бойынша пәтер бөлу тәртібі екі негізгі критерийге – кезекке қойылған күн мен азаматтың табыс деңгейіне байланысты жүзеге асады. Яғни, алдымен кезекке ерте тұрғандар және табысы төмендер тұрғын үйге ие болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!