30 қыркүйек – Әділет органдарының күні. Тарихқа көз жүгірсек, 1919 жылдың 30 қыркүйек күні Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитет әділет бөлімін құру туралы қаулы қабылдайды.
Кейіннен әділет бөлімі Әділет Халық комиссариаты болып атын ауыстырды. 1946-1949 жылдары Қазақ КСР атқару билігі органдары қайта ұйымдастырылып, нәтижесінде 21 кеңестік-республикалық министрліктер, оның ішінде Қазақ КСР-нің Әділет минис-трлігі құрылды.
Әділет органдарының құқықтық мәртебесі мен қызметінің негізін анықтайтын нормативтік құқықтық актісі – 2002 жылдың 18 наурызында қабылданған «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады. Қазіргі таңда ҚР әділет органдары өз құзыреті шеңберінде мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, лауазымдық тұлғалар мен азаматтардың заңдылық тәртібін қолдайтын, ҚР азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ететін атқарушы биліктің органдары қатарында.
Мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде атқарушы органға қарайтын Қазақстан Республикасының әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қам¬та¬масыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режіміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады.
«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әдiлет органдарының мiндеттерi жалпы мемлекеттiк даму стратегиясын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, заң жобалау жұмысын жүргiзу, заңнаманы талдау, жетiлдiру, жүйелеу, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жүргiзу арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдiгiн, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, Қазақстан қоғамы мен мемлекетiнiң тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңнаманы қалыптастыру. Осы орайда, Әділет органдары мемлекеттік қызметті құқықтық тұрғыдан қамтуды жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келеді. Еліміздің заңнамаларын дайындауда да әділет органдарының орны ерекше.
Әрбір заң жобасы Парламентке бармас бұрын ҚР Әділет министрлігінде өңдеуден өтеді.
Әділет органдарының міндеттерінің бірі – құқықтық көмекті және заң қызметін көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету арқылы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру болып табылады. Бұл – құқықтық мемлекет болып қалыптасудың алғышарты. Қазақстан мемлекеттілігінің дамуымен қатар, Әділет органдарының рөлі де өзгеріп, олардың қызметі жаңа мазмұнмен толығып, құрылымдық функциясы да жаңа арнаға түсіп отырады. Бірақ та алдында тұрған міндеттер қалай өзгерсе де, Әділет органдары қызметінің басты мазмұны – заңдылық пен құқық қорғауды нығайту, мемлекеттік мүддені қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң бұзушылықты болдырмау болып қала береді.
Н.Тасирова,
Қызылорда облысының
Әділет департаменті бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!