Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне балалардың желідегі белсенділігі туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, балалардың көпшілігі әлеуметтік желіге ата-анасының рұқсатынсыз 5–6 жастан бастап тіркеліп алады.
«Басқа мемлекеттерді арнайы заңдар қабылданып жатыр. Дания, Австралия сынды мемлекеттерде 15-16 жастан бастап қана желіге тіркелуге рұқсат беріледі. АҚШ, Ұлыбритания мен Ирландияда ата-ана рұқсаты талап етіледі. Ал осы мәселе бойынша сіздердің позицияларыңыз қандай?»–деді депутат.
Одан бөлек, Аймағамбетов мектептерде смартфон қолдануға қатысты мемлекеттік ұстанымның бар-жоғын сұрады.
«Мектептерде смартфон қолдануға қатысты мемлекеттік ұстаным бар ма? Англия, Нидерланд және әлемнің 40 пайыздан астам мемлекеттері осындай шешімді қабылдады. Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім-инновация мектептері және алдыңғы қатарлы озық мектептер осы шешімді қолдап, мектептерде телефон ұстауға тыйым салды. Нәтижелері оң. Балалар бір-бірімен сөйлеседі, үлгеріміне де өте жақсы әсері болып отыр»,–деді ол.
Өз кезегінде Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун әзірге мұндай шектеу енгізу жоспарланбағанын, бірақ мәселе талқыланып жатқанын айтты.
Сондай-ақ ол балаларды технологияны қауіпсіз әрі пайдалы қолдануға үйретудің маңызды екенін атап өтті.
«Министрліктің ұстанымы — жаңа ұрпақты дұрыс оқыту. Техника, жасанды интеллект және интернетпен жұмыс істеуде артта қалу қаупі болмауы тиіс», — деді вице-министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!