Қазақстан Ұлттық банкі валюта айырбастау және алтын сату ережелеріне өзгерістер енгізді. Енді 500 мың теңгеден жоғары сомаға шетел валютасын немесе құйма алтынды сатып алу кезінде азаматтар жеке куәлігін, ЖСН-ін және мекенжайын көрсетуге міндетті болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл талаптар 2025 жылғы 22 желтоқсаннан бастап күшіне енеді, ал кейбір тармақтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.
Жаңа ереже бойынша айырбастау пунктері мен уәкілетті банктер ірі сомаға жасалған әрбір операция туралы деректерді арнайы тіркеу журналына енгізіп отыруы тиіс. Онда:
- клиенттің аты-жөні, тегі,
- ЖСН немесе жеке куәлік деректері,
- тұратын мекенжайы,
- құжат түрі мен нөмірі,
- құжаттың берілген күні мен жарамдылық мерзімі көрсетіледі.
Дәл осындай талаптар 500 мың теңгеден асатын алтын саудасына да қолданылады.
Сонымен қатар Ұлттық банк уәкілетті ұйымдар мен банктер ұсынатын есеп беру мерзімін 6 айдан 1 айға дейін қысқартты. Бұл өзгеріс айырбастау нарығындағы операцияларды нақты әрі жедел бақылау үшін енгізіліп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!