Мәжіліске «Ауыл» партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімдер алды. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады. Сондай-ақ, осы жайтқа қатысты депутат Жигули Дайрабаев пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олардың қатарында «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.
Нәтижесінде сот «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық субсидиялау қағидаларын бұзып, сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алғанын, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалғанын, осылайша, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтіргенін анықтаған.
Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық – Мәжіліске «Ауыл» партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың ұлдары. Бұл мәліметті Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады. Олардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, куәлердің айғақтары, бейнежазбалар, сарапшылардың қорытындылары, заттай дәлелдемелермен дәлелденген. Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалыққа түпкілікті әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушылар кінәлерін мойындамай, ақтауды сұраған.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға Күлкеевтің кәсіби антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдайларға соттылықтарының болмауы мен Күлкеевтің, Дайрабаевтың, Молдақалықтың кішкентай балалары болуын жатқызған.
«Дайрабаев пен Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, пробациялық бақылауға белгілене отырып шартты түрде тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ», – делінген хабарламада.
Бұл жайтқа қатысты Мәжіліске «Ауыл» партиясынан сайланған депутат Жигули Дайрабаев пікір білдірді.
«Жұмыстарын істеп жатыр. Барып өздерінен сұраңдар. Жас бала емес қой. Әрқайсысы өзіне жауап береді», – деді депутат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!