ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өткен жылды қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарын бөлісті. Жиында ведомство қызметіне қатысты түрлі мәселелер қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған министрліктің кеңейтілген алқа отырысына Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен ведомствоға бағынысты бірнеше ұйым басшыларының есебінен кейін Үкімет басшысы сөз алды.
Әлихан Смайылов министрліктің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын айта келе, алдымен мемлекеттік қызметтерді көрсету жайына тоқталды.
«Министрлік алдында мемлекеттік қызметті және жалпы экономиканы цифрландыру бойынша бірқатар маңызды міндеттер тұр. Өткен жылы электронды түрде ұсынылған мемлекеттік қызметтердің деңгейі 92%-ке дейін жетті. Оның 80%-н халық смартфон арқылы алып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ «Электрондық үкімет» халықаралық рейтингінде Қазақстан 28-орынға ие болды. Елді мекендердің 77%-і мобильді кең жолақты интернетпен қамтылған, оның ішінде 3G технологиясы бойынша – 44%, 4G – 33%», – деді Әлихан Смайылов кеңейтілген алқа отырысында.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы аталған бағыттағы жұмысты оң динамикада жалғастыру керектігін айтты.
Интернет сапасы қашан жақсарады?
Министрлер кабинетінің басшысы көтерген келесі мәселе – интернет сапасы.
«Бағдат Батырбекұлы, сапалы интернет және ұялы байланыспен қамтуға қатысты наразылықтар мен шағымдар туралы жақсы білесіз», – деп нақтылап кетті Ә. Смайылов Мусинге қарата.
Оның айтуынша, сапалы ұялы байланыс ауылды айтпағанда қалалардың өзінде болмай жатады.
«Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен алуға болады. Кейде интернеттің дұрыс болмауынан мүмкін болмай жатады. Бұл мәселені шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңір (қала, аудан, ауыл) сапалы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар, Премьер-Министр 5G енгізуді 2027 жылға дейін аяқтап, одан бөлек республикалық және жергілікті автожолдарды интернетпен қамту міндетін жүктеді.
«Министрлік ұялы байланыс пен интернеттің сапасына талдау жүргізуі қажет. Соның негізінде тиісті іс-шаралар әзірленіп, ол «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануы тиіс. Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», – деді ол Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге қарап.
А заматтардың дүниеге келген сәтінен з ейнетке шығуына дейінгі өмір іне талдау жүргіз іледі
Баяндамасын жалғастыра келе, Үкімет басшысы қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайына талдау жүргізуді тапсырды.
Әңгіме «Отбасының цифрлық картасына» қатысты болып отыр. Осы тұста еске салсақ, елімізде жыл басынан әр отбасының жеке цифрлық картасы енгізіліп жатыр.
«Өтініштер мен растайтын құжаттарды жинау тәжірибесінен бас тарту маңызды. Ол мәліметтер базада бар. «Invisible Government» жобасы шеңберінде мемлекеттік органдар қызметін проактивті тәсілге ауыстыру қажет. Сонымен қатар, «Smart Data Ukimet» платформасында іске асырылып жатқан жобаның бірі – «Отбасының цифрлық картасы». Аталған жоба нақты критерийлер негізінде әлеуметтік осал отбасылардың нақты бейнесін көрсетіп, оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осы орайда, министрлік биыл І тоқсанның соңына дейін азаматтардың туғанынан бастап зейнетке шығуына дейінгі өмір жағдайына талдау жүргізу қажет», – дейді Әлихан Смайылов.
Ақпараттық қауіпсіздік
Цифрлық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында қазақстандықтардың жеке мәліметтері қауіпсіздігін қамту жайы да сөз болды.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, азаматтардың жеке мәліметтеріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің алдын алу – өте маңызды.
«Технологияның жылдам дамуын ескере отырып, ақпарат және деректер қауіпсіздігі мәселесін естен шығармау керек. Оның ішінде жеке мәліметтер қауіпсіздігі де бар. Қауіп-қатердің алдын алу – өте маңызды. Осы орайда, министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің 100% қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауы керек. Сондай-ақ, Астана хабтың қызметін кеңейтіп, тәжірибесін жоғары оқу орындары базасында және өңірлік деңгейде дамыту қажет», – деді Әлихан Смайылов жиын барысында.
Қауіпсіздік демекші, Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелер қауіпсіздігі мәселесіне жеке тоқталып өтті.
Ә. Смайылов келтірген дерекке сәйкес, өткен жылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде 500-ге жуық ақау тіркелген. Яғни ақпараттық жүйелер жыл ішінде 700 сағаттан астам уақыт істен шығып тұрған.
«Президент мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін орталықтандыру, интеграциялау және тиімділігін арттыру бойынша цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды. Бұл – басым міндет, соған қарамастан оны жүзеге асыру ұзаққа созылып отыр. Өткен жылы тек техникалық құжаттама бекітілді, ал платформа тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген.
Ведомстволық деңгейде жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеу мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өткен жылы ақпараттық жүйелер бойынша 500-ге жуық ақау тіркелді, 700 сағаттан астам істен шығып тұрған. Осы секілді теріс фактілерді министрлік егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, цифрлық вице-министрлерге дербес жауапкершілік жүктеу керек», – деп толықтырды Үкімет үйінің басшысы.
Цифрлық даму министрлігінің қызметіне қатысты Әлихан Смайыловтың көңілінен шықпаған тағы бір шаруа елімізде деректерді өңдеу орталықтарын салу жұмысының баяу жүруі.
«Талшықты-оптикалық магистральдар мен деректер орталығын салуға қатысты жұмыстар баяу жүріп жатыр. Заңнамалық реттеу және халықаралық уағдаластыққа қатысты жекелеген мәселелер әлі шешілмеген. Деректерді өңдеу орталығының орналасқан жері мен жұмыс істеу шарттары анықталмаған», – дейді ол.
Осы орайда аталған нысандарды салу жұмысын жеделдетуді министрдің жеке бақылауына алуын жүктеді.
Премьер-Министр елдің дамуы мен халық жағдайының жақсаруына тікелей әсер ететін тағы бір маңызды салаға назар аударды. Ол мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуі мен оның нәтижесі.
Айтуынша, Президент жүктеген міндеттер барлық мемлекеттік органдар мен салалық ведомстволардың даму жоспарында айқын көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы вице-министрлердің жеке жауапкершілігін арттырып, өнімді жұмыс істеуді тапсырды.
«Министр мен қоса оның орынбасарлары цифрландыру бойынша барлық іске белсенді қатысып, мәселені бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, уақытылы шешім қабылдауы мен тиімділігі жұмыс нәтижесінен көрінеді», – деді сөзін қорытындылай келе Әлихан Смайылов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!