Шымкент қаласында «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының ережесін бұзып, баспаналы болған шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Шымкентте кейбір шенеуніктер «7-20-25» бағдарламасы бойынша кезектен тыс баспана алғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ж ағдайды түсіндіруді талап етіп, қала әкімдігіне с ауал жолданғанын мәлім еткен еді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев іс бойынша тергеу жүріп жатқанын атап өтті. «Аталған пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы бойынша «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» облигациялық займдары есебінен салынды. Тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Сол сияқты олар «Отбасы банкінің» салымшылары. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Істің мән-жайын толығырақ айта алмаймыз», – деді Ә.Нәлібаев.
Оның айтуынша, бүгінде жергілікті әкімдік аталған мәселеге қатысты қосымша шара қабылдап жатыр. «Әкімдіктің ресми позициясын күтіп отырмыз», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!