KAZINFORM – Бүгін елімізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аталып өтеді.

Бұл мерекенің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіл әлем елдерін 8 наурызды әйелдердің құқықтары үшін күрес күні – Халықаралық әйелдер күні деп жариялауға шақырған қарары қабылданғанға дейінгі кезеңді қамтиды. ХХ ғасырда көктем, махаббат және сұлулық мерекесі бірте-бірте 8 наурыз мейрамына айналып, бүгінде отбасында, еңбек ұжымдарында кеңінен аталып өтіле бастады.

Америка құрлығында қазіргі халықаралық әйелдер күні мерекесіне негіз қалаған бірқатар оқиғалар орын алды. Нью-Йорктің киім тігетін фабрикасы мен тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істейтін әйелдер жалақының төмендігі мен жұмыс жағдайының нашарлығына қарсылық танытып, 1857 жылдың 8 наурызында Манхэттен көшелеріне шеруге шықты. 1901 жылы да дәл 8 наурыз күні Чикагода тарихта алғаш рет үй шаруасындағы әйелдер тарихта «қазан бүлігі» деген атаумен қалған шеруді ұйымдастырған болатын. Араға жеті жыл салып, 1908 жылдың 8 наурызында бүкіл Америка құрлығының әйелдері «бос қазан шеруін» ұйымдастырып, жалақының көтерілуін, еңбек ету жағдайының жақсаруын және еркектермен тең құқылы болуды талап етті. Осыдан кейін АҚШ-тың солшылдар партиясы дәл осы күнді ұлттық әйелдер күні ретінде жария еткен болатын. Алайда бүгінде бұл дата Америка құрлығында мереке күні ретінде саналмайды.

Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі республикаларда «8 Наурыз» мерекесінің бастау алуына 1910 жылы Копенгагенде өткен екінші Халықаралық жұмыс істейтін әйелдер конференциясы түрткі болған еді. Ол кезде Германияның социал-демократтар партиясы әйелдер тобының көшбасшысы, әрі әйелдер құқығын жан тәнімен қорғаушы Клара Цеткин 8 наурыз күнін әйел жынысы пролетариаттарының дүниеге келген күні ретінде атап өту идеясын ұсынған-ды. Алғаш рет бұл күнді Дания, Австрия, Германия және Швейцарияда, кейіннен басқа да елдерде наурыздың әртүрлі күндерінде атап өте бастады.

8 Наурыз ресми түрде алғаш рет 1913 жылы Петерборда аталып өтіле бастады. Алайда, экономикалық ахуалдың қиындығына байланысты бұл күн күнтізбеде демалыс ретінде жария етілген жоқ. КСРО-да 8 наурыз – жұмыс істемейтін демалыс күні ретінде 1966 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Айта кетерлігі, бұл турасында екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 20 жылдығы қарсаңында 1965 жылдың 8 мамырында жария етілген болатын.

Қазіргі уақытта бұл мейрам Біріккен Ұлттар Ұйымында әйелдер құқығы мен халықаралық бейбітшілік үшін күрестің халықаралық күні ретінде аталып өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!