Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жуырда, дәлірек айтқанда, қарашаның соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәсілі пайда болады деп мәлім еткен еді. Azattyq Rýhy редакциясы оның қандай тәсіл болатынын анықтамақ болып, министрлікке ресми сауал жолдаған. Сол арқылы бұрын айтылмаған тың деректерді анықтады. Енді үкімет болашақта атаулы әлеуметтік көмектен дәмелі адамдардың бұрынғыдай кірісін ғана емес, шығысын да толық тексермек. Соның ішінде АӘК алуға өтініш берген отбасының пәтері не көлігі бары, саяхатқа шығып, курортқа барып-бармағаны тексеріледі.

Жалпы, қазір Қазақстанда 77,6 мың отбасы немесе 411,3 мың адам мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Оның ішінде 38,7 мың көпбалалы отбасы бар. Үкімет масылдыққа жол бермей, шынымен көмекке мұқтаж азаматтардың әл-ауқатын көтеру үшін атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарағалы жатыр. Енді АӘК алуға үміткер болған отбасының кірісінен бөлек шығыстары да есепке алынады.

«Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, саяхаттау шығындары, шипажай-курортта емделуге, аудиовизуалды жабдықтар сатып алуға,  жиһаз, тұрмыстық техника сатып алуға, кредиттерді өтеуге жұмсалған шығындарды және тағы басқа шығыстардың түрлерін қарастыру жоспарланып отыр», – деп жауап берді министрлік. 

Министрлік қазір АӘК тағайындау тәртібі толықтай автоматтандырылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланғанын атап өтті. Енді мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігі пысықталып жатыр.

Еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәсілдері қашан күшіне енетінін нақтылаған жоқ.

АӘК кімдерге беріледі

Қазір отбасының әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек мөлшері әр облыста ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай айқындалады. Яғни табысы өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады. Ал осы отбасылардағы 1 мен 6 жас аралығындағы әр балаға қосымша 1,5 АЕК, биыл 5 538 теңге төленеді.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшелері болмаса немесе олар объективті себептермен жұмыс істей алмаса, онда атаулы әлеуметтік көмек ешқандай қосымша шарттарсыз беріледі. Мысалы, отбасының жұмыс істей алатын жалғыз мүшесі мүгедек баласына не қарт туысына күтім жасап отырса, мемлекет АӘК беру үшін оны жұмысқа орналасуға мәжбүрлемейді.

Ал еш себепсіз үйінде жұмыссыз отырған азаматтар мемлекет ұсынған жұмысқа тұруға міндетті болады. Әйтпесе атаулы әлеуметтік көмектен құр қалады.

Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы кіріске жата ма

Еңбек министрлігі АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде есепке алынбайтын кірістердің тізбесі кеңейтілгенін мәлімдеді. Тізімге табыстың 26 түрі кіреді.

Мәселен, мүгедек балаларға төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақы, біржолғы жәрдемақы, бюджеттен төленетін стипендиялар, сондай-ақ заттай көмек түрлері, қайырымдылық көмек АӘК тағайындау кезінде отбасының кірісі ретінде есептелмейді.

Ал мүгедектігі бар ересек адамға төленетін барлық зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы ақшалай түрде кіріске енгізіледі.

Биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша республикада 77,6 мың отбасы (411,3 мың адам), соның ішінде 38,7 мың көпбалалы отбасы (258,7 мың адам) атаулы әлеуметтік көмек алады.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, Қазақстан халқының 5,1% немесе 1 млн 27 мың адамның табысы республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

© 2024. Барлық құқықтар қорғалған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!