Ақтаудағы «Monster Aktau» донерханасының иесі ірі даудың ортасында қалды. Оған себеп – келуші әйелдің донердің ішінен шаш тауып алғаннан кейін орын алған жанжал. Интернеттегі деректерге сүйенсек, шағым айтқан қызды иесі сабап, кейін әлеуметтік желіде қазақ халқына және әйелдерге ауыр сөздер айтқан, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиғаның видеосы желіде кең тарап, қоғамда үлкен наразылық тудырды. Желі қолданушылары донерхана туралы жағымсыз пікірлер қалдырып, иесінің әрекетін сынға алды. Бірақ ол кешірім сұраудың орнына қазақтарды кемсіту бағытында ашық мәлімдемелер жасаған.

Шабуылдан кейін ер адам бірнеше видео жариялап, онда былай деген: 

«Қазақтар өздерін ұрып, «мен қазақпын» дейді, бірақ Қазақстан үшін түк істеген жоқ»;

«Мұндағы барлық зат Қытайдан, Түркиядан, Әзербайжаннан келеді. Қазақтарға үйді кім салады? Бәрін өзбектер мен қарақалпақтар істейді»;

«Ұлттық намыс туралы сөз болғанда, қазақтар дереу өздерін ұрып, кеуде соғады»;

«Біз ұлтқа бөлінбеуіміз керек. Қазақстан — көпұлтты мемлекет»;

 «Әр ақымақ әйелге оны ұрып, тәрбиелейтін еркек керек. Егер ол менің әйелім болса, баяғыда ұрып тастар едім».

Қазақстан жұртшылығы тек әйелді ұрып-соғу фактісіне емес, сонымен қатар қазақ халқы мен әйелдерге бағытталған қорлау сөздерге де қатты наразы. Журналист Айгүл Орынбек бұл оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарына жүгініп, кінәлі адамды жауапқа тартуды талап етті.

«Ақтау полициясы бұл адамға шара қолдануы тиіс! Ол – арандатушылықпен айналысып отыр. Оның әрекетін ҚР ҚК 174-бабы бойынша саралауды және барлық видеоларына сараптама жүргізуді сұраймын», – деді ол.

Көптеген қазақстандықтар «Monster Aktau» мекемесін жабуды және оның иесін, өзбек ұлтының өкілі болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты, елден шығаруды талап етті.

22 тамыз күні Ақтау қалалық соты осы жағдайға байланысты шешім шығарды.

Кафе иесі бірнеше бап бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиғаға қатысы бар анасына 2 жыл шартты жаза кесілді. Егер ұлтаралық араздықты қоздыруға қайта әрекет етсе, ол да нақты мерзіммен түрмеге қамалмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!