5-ші Көшпенділер ойынына келген шетелдік қонақтар Қазақстан туралы қандай ойда? BAQ.KZ тілшісі қала қонақтарымен тілдесіп көрді.

Англияның Манчестер қаласынан келген ерлі-зайыпты Джоанна Уордроп пен Том Уордроп Қазақстанға бірінші рет саяхаттап отыр. Оларға қазақтың ұлттық тағамы мен киімдері қатты ұнаған.

Қазақстан өте керемет, адамдары қонақжай. Көшпенділер ойыны керемет деңгейде өтіп жатыр, – деді Том Уордроп.

Уордроптар көшпенділер ойынына оларды ұлдары алып келгенін айтады.

Менің ұлдарым қалада жүр. Олар көшпенділер ойынын көргісі келді. Сөйтіп біз де Астанаға келіп қалдық. Біздің Англияда мұндай ойындар жоқ. Бұл біз үшін мүлдем басқа ойын түрі. Ұлттық тағамдар да ұнады. Жылқы етінің де дәмін көрдік. Бәрі ұнап жатыр. Қазақ киімдері өте күшті әрі жылы екен. Менің жұбайым да, балаларым да үстімізге киіп алдық, – дейді Джоанна Уордроп.

Тағы бір қонағымыз Жаңа Зеландиялық қонақ Келли Липер Көшпенділер ойынына отбасымен бірге келген. Бірінші кезекте, Жаңа Зеландиялыққа Қазақстанның адамдары ұнаған.

Қазақ тілі әдемі екен, бірақ әлі көп нәрсе түсінбеймін. «Рахмет» және «жоқ» деген сөздерді үйреніп алдым. Әрине, Қазақстанға қайтып келгім келеді. Келесі келгенде Алматының табиғаты мен Батыстың теңізін көргім келеді, – деді Келли Липер.

Мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы америкалық Марк Джанке бауырлас екі елдің де тілінде сөйлей алатын болып шықты. Оның үстіне 2016 жылдан бері түрлі жарыстарда тоғызқұмалаққа қатысып келеді.

Біз Қазақстанға АҚШ-тан келдік. Өзім Қырғызстанда 2 жыл жұмыс істедім, сол себепті қырғызша да, қазақша да сөйлей аламын. Келуіміздегі мақсат – көшпенділер ойынын тамашалау. Екіншіден, таныс досым осы жаққа үйлену тойына келді. Досыммен бірге менде келдім, – деді Марк Джанке.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!