Сенатор Сәкен Арубаев Бас прокурордың орынбасарына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат отырысында бұл мәселеге қатысты пікір білдірген сенатор Сәкен Арубаевтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада сталкингтің жекелеген элементтері бар баптармен ішінара қамтылуы мүмкін. Алайда бұл әрекеттерді нақты жеке құрам ретінде бөліп қарау қажеттілігі туындап отыр.

Қаралып отырған заң жобасының аясында Қылмыстық Кодекске 115-1 бапты енгізу ұсынылған. Ол сталкинг – қудалау үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Басқа да адамдарға қатысты жүйелі түрде қорқыныш, мазасыздық тудыратын немесе қолайсыздық келтіретін жағымсыз қудалау деген мағынада. Осы қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін жеке қарастырылғанымен, сталкингтің жекелеген элементтері Қылмыстық кодекстің кейбір баптарымен ішінара қамтылуы мүмкін. Қолданыстағы нормалар болған жағдайда сталкингті жеке бөліп көрсету қаншалықты орынды, – деді сенатор Сәкен Арубаев.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев жауап берді.

Расында да, сталкингті енгізіп отырмыз. Сталкинг – адамның мазасын алып, әлеуметтік желілерде, көшелерде оның ізінен түсіп, қоңырау шалу. Біз сол үшін жауапкершілікті енгізіп жатырмыз. Себебі бұл сталкингтен кейін одан әрі қарай ауыр қылмыс жасалынбас үшін соның алдын алып отырмыз. Мысалы, сталкинг кезінде жәбірленушіне қасақана аса ауыр жарақат келтірсе, ол кезде адамның іс-әрекеттері Қылмыстық Кодекстің баптарымен сараланады. Мәселен, сталкинг жасап, аса ауыр дене жарақатын келтірсе, сталкинг және 106-бап (ред. – Қылмыстық Кодекс, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша сараланып, екі бап бойынша жауапкершілікке тартылады. Айыппұл және 50 күнге дейін қамауға алу, – деді Әсет Шыңдалиев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!