Адвокат Мейірман Шекеев желідегі парақшасында Қаржаубай Нұрымовтың отбасы қазанда жаңа үйге көшетінін мәлімдеді. Жеке кәсіпкер Асқардың көмегімен салынып жатқан үй Алматы облысы әкімдігінің бақылауымен рәсімделіп, 15 қазанға дейін аяқталуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мейірман Шекеевтің мәліметінше, бұл жеке кәсіпкердің арқасында мүмкін болып отыр.

«Қаржаубайдың отбасында енді тек қуаныш болсын! Асқар есімді азамат Қаржаубайдың үйін салысып жатқанын жариялағысы келмеген. Ал Алматы облысы әкімдігі осы құрылысты барынша қадағалап, құжаттарын рәсімдеп, аяғына дейін жеткізіп беруге уәде берді. Мен үшін уәде – Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес міндеттеме. Міндеттемеден бір жақты бас тартуға болмайды, әйтпесе соттағы жауапкершілік туындайды. Көп түкірсе көл болады дегендей, осы орайда @asarume_kz басшысы Асхат мырзаға да алғысым шексіз. Негізі үйге әлі де көптеген керек-жарақтар қажет. Газ пеші, перделер және тағы басқалары. Көмек бергісі келетіндерден бас тартпаймын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл!» – деп жазды Мейірман Шекеев.

Құрылыс 15 қазанға дейін бітеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылғы қазанда 16 жастағы Шерзат Полат қазасынан бір аптадан кейін оның отбасы тұратын үй өртенді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!