Еуростаттың соңғы мәлеметтері бойынша еуропалықтардың білім деңгейі бұрынғыдан да жоғары болып отыр. Әйелдердің білім деңгейі ерлерді басып озған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
2014 жылы ЕО-ға мүше елдердің 25–74 жас аралығындағы тұрғындарының 26%-ы ғана жоғары білім алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 33,5%-ға дейін өскен.
Жоғары білім алу бойынша Ирландия, Люксембург және Кипр алда келеді. Зерттеуге сәйкес 25-34 жас аралығындағы жастардың 60%-нан астамы жоғары білімді. Ал Румыния керісінше, ең төменгі деңгейде орналасқан: осы жас тобындағы адамдардың жоғары білімі 30%-ға жетпейді. Бұл Еуропа Одағы бойынша ең төмен көрсеткіш болып отыр.
Деректер әртүрлі ұрпақтардың білімге деген көзқарасының өзгергенін көрсетеді. 25-54 жас аралығындағы ересектердің 82,7 %-ы кемінде орта білім алған болса, 55-74 жастағылардың арасында бұл көрсеткіш 70,4 %-ды құрайды.
Жастардың жоғары білім алу мүмкіндігі аға буынмен салыстырғанда екі есе жоғары – 39,8 %, ал аға буын арасында бұл көрсеткіш – 23,9 %.
Кәсіби біліктілік деңгейіндегі айырмашылықтар елдерге байланысты күрт өзгереді. Люксембургте орта білім алған аға және жас ұрпақ өкілдерінің басым көпшілігі кәсіби бағытты таңдайды (96 %-дан астам).
Ал Португалияда орта білімді егде жастағылардың тек 13,5 %-ы ғана кәсіби біліктілікке ие, ал жастар арасында бұл көрсеткіш – 37,2 %.
Осындай ұрпақтар арасындағы кәсіпке үйренудегі күрт айырмашылықтар Грекия, Ирландия, Испания және Кипр елдерінде де байқалады. Бұл Еуропада кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған білімге бетбұрыстың кеңінен таралып жатқанын көрсетеді.
Әйелдер білім алуға көп уақытын арнайды. Еуропаның барлық елінде әйелдер білім деңгейі бойынша ерлерден озып отыр.
2024 жылы 25-34 жас аралығындағы әйелдердің шамамен жартысы (49,9 %) жоғары білім алған. Ерлер де ілгерілегенімен, баяу қарқынмен – осы жас тобында 38,7 %-ға жеткен. 10 жыл ішінде бұл айырмашылық 1 %-дан сәл аса өскен.
Орта білім бойынша 20-24 жастағы әйелдердің 86,8 %-ы орта білім алса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 81,8 %.
Тек Румынияда ғана ер адамдар әйелдерден сәл алда келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!