Фото: instagram.com/assanali.ashimov

KAZINFORM – Кино және театр актері, режиссер, педагог, профессор, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті.

Мұны Kazinform тілшісіне Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі растады.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген.1956 – 1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.

Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен және тағы басқа көптеген образды сомдады.

Әшімов – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры», 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі»), 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жаушы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.

Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н.Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» (екеуі де 1987), С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), жылы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!