Әлемде жаңа қаржы дағдарысы болуы мүмкін бе? Бұл сұрақ бойынша елордада өтіп жатқан Нобель фестивалінде Jusan bank Басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта рецессия мәселесі барлық экономикаларда ең ауыр тақырып болып отыр. Jusan Bank басшысы жаһандық сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін айтты.

Дағдарысқа не себеп болуы мүмкін ?

«Бүгін мен өз көзқарасым бойынша алдағы рецессияның алғышарты немесе сигналы болатын 6 негізгі тармаққа тоқталғым келеді. Біріншісі – бәрімізге белгілі Covid-19 пандемиясы, екіншісі –Украина аумағында болып жатқан соғыс, жаһандық экономикаға әсер ететін халықаралық санкциялар, инфляция, федералды резервтік жүйенің, бірінші деңгейдегі банктердің ставкалары және соңғысы, бірақ маңызы жоғары фактор – климаттың өзгеруі және оның жаһандық экономикаға әсері», – дейді Н. Айдосов.

Банк төрағасы пандемия кезінде ақшаның көптеп құйылғанын, әлемдегі ақша массасы 26 процентке артқанын және соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш 6%-тен аспағанын атап өтті. Әлемдік экономикаға 27 триллион доллар қаражат құйылған. Экономикасы әлемдегі нөмірі бірінші болып саналатын АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі қазір шамамен 25 триллион доллар деңгейінде. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған кезінде болған еді.

«Екінші фактор – пандемия кезінде тауарлар мен қызметтердің жаһандық жеткізілім тізбегінің синхронизациясы бұзылды. Яғни жүк түсіретін теңіз порттары және тауар қабылдайтын немесе жөнелтетін қызметтерде кептеліс (bottleneck) туындады. Сондай-ақ, контейнерлік тасымалдау құны 10 есеге қымбаттады. Бұл барлық жаһандық экономикаға да әсер етті», – деді Нұрдәулет Айдосов.

Украинадағы соғыстың салдары

Jusan Bank басшысы Украина аумағында болып жатқан әскери қақтығыстардың әлемдік экономикаға қалай әсер еткенін айтып берді.

«Соғыс болып жатқан Украина аумағы арқылы көп нәрсе тасымалданатын. Бұл қақтығыстарға қатысқан мемлекеттер біздің еліміздің ғана емес, жаһандық экономиканың да ірі сауда әріптестері болып саналады. Бір ғана 2022 жылы әскери қақтығысқа байланысты шығын немесе жоғалған пайда 1 триллион долларды көрсеткен. Бұл аумақтарда газ, мұнай, пайдалы қазбалар, бидай, тыңайтқыштар тасымалданды. Мұның бәрі барлық елге қажет өмірлік маңызы бар тауарлар», – деді Нұрдәулет Айдосов.

Сонымен бірге, Ресей Федерациясына қарсы 12 мыңға жуық санкция салынған, бұл – әлемдік рекорд.

«Тұтас әлемнің осыған дейінгі санкцияларын қосса да, мұндай сан шықпас еді. Жаһандық экономиканың бір бөлігі саналатын мұндай алып сауда әріптесті, бір сәтте шығарып тастау мүмкін емес. Оның салдары да болады. Корона дағдарысынан енді шыққанда осындай энергетикалық дағдарысқа тап болдық», – деді ол.

Арзан ақшаның уақыты аяқталды

«Қазіргі уақытта инфляция өте жоғары. АҚШ-та қыркүйек айында инфляция 8,2% жеткен, соңғы 40 жылда мұндай жоғары инфляция болған жоқ. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық инфляция 8% ауқымында болады, тиісінше бұл сатып алу қабілетіне әсер етеді. Біз инфляцияны шетелден көп импорттаймыз және бұл өсім біздің экономикамызға да әсер етеді, бірақ біз мұнда жалғыз мемлекет емеспіз. Тіпті дамыған елдер де инфляцияның өсуіне тәуелді болуы мүмкін. Бірақ магнитуда әртүрлі болады. Тиісінше, барлық елдердің орталық банктері күресетін инфляция бар», – деп түсіндірді Н. Айдосов.

Оның айтуынша, келесі аспект – банктердің монетарлық саясатын қатаңдату.

«Монетарлық саясат күшейіп келеді. Бұл не нәрсеге ықпал етеді ? Жақында ғана ҚР Ұлттық банкі ставканы көтерді. Бұл арзан ақшаның уақыты аяқталғанын айтады. Даму үшін өте көп несие алған компаниялар енді сол деңгейде қаржылана алмайды. Тиісінше, бұл қарыз дағдарысына әкеледі. Жағдай оңай емес», – дейді спикер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!