Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында қазір жұртшылықты алаңдатып отырған мәселеге тоқталды, – деп хабарлайды KAZINFORM
– Осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын. Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын. Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ. Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет. Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады. Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді.
Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды.
– Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді. Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл – біздің бұлжымас қағидаттарымыз. Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы – өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ. Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз. Алға қадам басқанның аяғынан шалу – кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады. Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек. Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес. Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес, – деді Президент.
Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет.
– Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, – деді Мемлекет басшысы.
Президент азаматтар референдумда жаңа Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгеретінін айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
