KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында V Ұлттық құрылтайда өзі жетекшілік ететін салалар бойынша айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар қалай орындалатынын айтты.

Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасады. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіге қол жеткізу мүмкіндігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн платформалар мен масс-медиаға қатысты заңнамаға тиісті өзгерістер мен түзетулер әзірледі. Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылады, – деді вице-премьер.

Сондай-ақ, бұл мәселеде ол жас шектеуін бұзу жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін екенін атап өтті.

Оқу-ағарту министрлігімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеп, тіпті жауапкершілік шараларын қарастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Аида Балаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!