Қарағанды облысында 5 жасар бала полицей киімін киіп, жол қозғалысын реттеді. Жас автоинспектор туралы бейнеролик әлеуметтік желілерді дүркіретті. Мерекелік демалыс күндері бала тәртіп сақшысы формасын киіп, бірнеше сағатқа жол қозғалысын реттеушіге айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
23 наурызда Instagram әлеуметтік желісінде бейнеролик жарияланды. Онда полиция киімін киген кішкентай бала жол жиегінде тұрып, Шет ауданы Ақсу–Аюлы ауылы көшелерінің бірінде жол қозғалысын реттегенін көруге болады. Полицейлер жас автоинспектордың кім екенін анықтады. Ол бастауыш сыныпта оқитын 5 жасар Бағдәулет Ағзамов болып шықты.
Баланың әкесі Бағдәулеттің үш жасынан бастап полиция қызметкері болуды армандағанын айтты. Ең қызығы бүлдіршіннің ата-анасы құқық қорғау органдарына қатысымыз жоқ дейді. Олар аудан орталығында өз ісін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер. 23 наурызда әкесі ұлына полиция қызметкерінің формасын сатып алған бетте, бала өз арманына бір қадам жақынданғанына қуанған екен. Бағдәулет бірден жаңа формасын киіп, көшеге шыққан. Әкесі дүкенде болған кезде, бала жол жиегіне тұрып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты барлық жолдар жабылғанын жүргізушілерге ескерткен.
Полиция қызметкерлері ерікті көмекшіні назардан тыс қалдыра алмады. Қарағанды облысы ПД Шет ауданы ПБ бастығы Мадияр Менісов Ағзамовтар отбасына арнайы барған. Ол Бағдәулетті экскурсияға шақырып, баланы қызметтік автокөлікпен Алматы-Екатеринбург жолында қызмет атқарған патрульге алып келген, содан кейін оған полиция бөлімін көрсетті. Мұнда балаға естелік сыйлықтар табыс етілді. «Болашақта тек сәттілік тілеймін! Әрине, сенің полицей болу арманың жүзеге асуына тілектеспіз», – деп Шет ауданы ПБ бастығы Бағдәулетке батасын берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!