Фото: gladysliu.com

Әрбір әуе компаниясының жолаушылар мен багажды тасымалдауға қатысты ережелері бар. Қызметкерлер осы ережелерге сәйкес қызмет көрсетеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Информбюроға сілтеме жасап.

7 қараша күні ҚР халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова домбыраны ұшақ салонына алып кіру кезінде қиындықтарға тап болған еді. FlyArystan әуе компаниясы әншінің домбырасын тасымалдауға рұқсат бермей, оған қосымша орын сатып алу қажеттігін хабарлаған. Әуе компаниясының баспасөз қызметі барлық жолаушылар үшін тасымалдау ережелерінің бірдей екенін мәлімдеді.

Бұған дейін әншілер Еркін Шүкіман мен Ерлан Рысқали да, айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай да осындай оқиғаларға тап болған еді.

Осындай жағдайларға байланысты Информбюро порталы Қазақстан аумағында ұшақпен музыкалық аспаптарды қалай тасымалдау керектігін түсіндірді.

FlyArystan компаниясы музыкалық аспаптарды қол жүгі ретінде алып жүруге немесе алдын ала сатып алынған жеке орынға орналастыруды ұсынады. Егер музыкалық аспаптың салмағы 5 келіге дейін болса және өлшемі 56x23x36 сантиметрден аспаса, оны тегін тасымалдай алады. Ал 5 келіден 10 келіге дейінгі аспаптарды ақылы түрде тасымалдауға рұқсат беріледі, бірақ оның көлемі өзгеріссіз қалады. Егер аспаптың көлемі қолжүгі өлшемдерінен асып кетсе, жолаушыға қосымша орын сатып алу ұсынылады. Орын алмаған жағдайда аспапты жолжүк бөліміне тапсыру қажет. Дегенмен мұндай жағдайда FlyArystan аспаптың қауіпсіздігіне жауап бермейді.

Air Astana компаниясы музыкалық аспаптарды тасымалдау кезінде қосымша жолаушы орнын сатып алуды талап етеді. Әсіресе, виолончель немесе контрабас сияқты үлкен аспаптар үшін бұл ереже қатаң сақталады. Музыкалық аспаптың салмағы 75 келіден және көлемі 120x50x30 сантиметрден аспауы керек. Гитара немесе саксофон сияқты шағын аспаптарды салмағы мен көлемі стандартты жолжүктің нормасынан аспаса қол жүгі ретінде алып жүруге болады.

Qazaq Air әуе компаниясы арқылы музыкалық аспаптарды тасымалдау кезінде алдын ала келісім жасау қажет. Қол жүгі ретінде 10 келіге дейінгі өлшемдері 120x50x30 сантиметрден аспайтын музыкалық аспапты алып жүруге болады. Бұдан үлкен аспаптар үшін қосымша орын сатып алу талап етіледі. Ал 75 келіден асатын аспаптарды әуе кемесінің багаж бөліміне тапсыру қажет.

SCAT әуе компаниясы музыкалық аспаптарды тасымалдау үшін алдын ала келісу қажеттігін мәлімдеді. Егер музыкалық аспаптың көлемі қол жүгі өлшемдерінен асып кетсе, бірақ 30x40x90 сантиметрден аспаса, оны қосымша отыратын орын алып тасымалдауға болады. Көлемі одан да үлкен аспаптарды багаж бөліміне тапсыру керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!