Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Сондықтан мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізуді жүйелі жалғап келеді. Бүгінгі мерейлі күннің мереке ретінде белгіленуі соның айғағы. Баршаңызды ырысты күздің алғашқы айымен жеткен – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Парасат-пайымы әр сөзінен көрінген бабалар «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласына алыста жүрсе де, жүрегінде бірге өмір сүретін қазынасы – отбасы болса, ер азаматтың еңсе тіктеп, болашағын жоспарлайтын, әйелдің ырысты еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін, балалардың береке мен мерекеге толтыратын мекені – шаңырақ. Қасиетті мекенде бойымызға дарыған тәрбие, елге, жерге деген сүйіспеншілік, ар-намыс қағидалары өмір бойы бізді жетелеп жүреді.
Әке ретінде жаһандық өзгерістер заманында осы отбасы құндылықтарын сақтап қалу, сол арқылы жаңа әлеуметтік жаңғыру кезеңіне аяқ басу, бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарау аса қажет қадамдардың бірі деп білемін. Халқымыздың өмірден түйген даналық өлшемі, тәжірибемен келген ордалы ой тұжырымдары отбасынан басталатын тәлім-тәрбиенің ақиқаттығын дәлелдейді. Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береріне сенім мол.
Оның үстіне бүгінде ел азаматтарының саны 19 миллионнан асуы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл ретте әрбір қазақстандық отбасының өркендеуімен Қазақстанымыз, Отанымыз нығая берсін деген тілек білдіргім келеді. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын!
Хасен АМАНЖОЛОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!