Елімізде әскерге барудан жалтарғандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 1 наурыздан 30 маусымға дейін жалғасады. Сондықтан 18-27 жас аралығында азаматтарға әскерге шақыру бойынша арнайы шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберіледі. Шақыртуды алған бойда олар медициналық комиссиядан өтуге келуге міндетті.
«Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады», – дейді ведомство.
Министрлік медициналық тексерістен өту барысында, егер азамат әскерге жарамсыз деп танылса, онда сол күні жинау пунктінен үйіне қайтарылатынын, ал қосымша тексеруді қажет етсе, онда медициналық мекемелерге жіберіледі.
«Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады», – дейді Қорғаныс министрлігінен.
Осылайша, әскери қызметтен жалтарғандарға 3 млн 63 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!